Құрылтай сайлауы: партиялар өңірлерді аралап жүр

Елде сайлауалды үгіт-насихат науқаны қызып тұр. Партиялар өңірлерді аралап, өз бағдарламасын таныстырып жатыр. Айта кетейік, сайлауалды үгіт-насихат 21 тамызда аяқталады. Ал 22 тамыз – Тыныштық күні.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Қарағанды облысына барды. Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған топ аймақта еңбек ұжымдарымен кездесті. Одан кейін Евней Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университетіне барып, профессор-оқытушы құрамы және студенттермен сұхбаттасты.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Қарағандыға қарасты Пришахтинск елдімекенінің тұрғындарымен кездесті. Жиында кибералаяқтық мәселесі көтерілді. Ал Астанада кандидаттар №4 қалалық емхананың ұжымымен кездесу өткізді. Мұнан соң, партия өкілдері Абай облысының Бесқарағай ауданына барды.
«Байтақ» партиясының мүшелері Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуде халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және азаматтарды қолдау тетіктерін күшейту мәселелері көтерілді. Партия өкілі Алма Қараш сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырды.
Қазақстан халық партиясының бастамасымен Алматыда Мәңгілік классика акциясы өтті. 28 панфиловшылар саябағында ұйымдастырылған шара мәдениет пен қоғамдық диалогты ұштастырады. Келушілер әлемдік классикалық музыканы тыңдап, партияның сайлауалды бағдарламасымен танысты.
Бұрын саясаттағы әйелдердің санын арттыру болса, қазір халықаралық ұйымдар әйелдердің заң шығару қызметіне, бюджеттік процестерге, парламенттік комитеттердің жұмысына және мемлекеттік шешімдердің мазмұнына қосқан нақты үлесін бағалайды. Жиында «Ауыл партиясы» мүшелері осылай айтты.
«Ақ жол» партиясының орталық штабы Қарағандыда ірі кәсіпорын жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен кездесті. Зауыт қызметкерлерімен пікір алмасты. Партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, басымдық беріп отырған негізгі бағыттарына тоқталды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал