АҚШ-та орман өрті салдарынан 600-ге жуық ғимарат отқа оранды

Үндістанда жойқын су тасқыны ондаған адамның өмірін қиып, жүздеген мың тұрғынды әбігерге салды. Грекияда орман өртін сөндіру кезінде екі тікұшақ соқтығысты. Ал АҚШ-тың Вашингтон штатында алапат өрт жүздеген ғимаратты жойып, мыңдаған адам эвакуацияланды.
Үндістанның Ассам және Керала штаттарындағы су тасқынынан 90 адам қаза тапты. Табиғи апаттан 200 мыңнан астам тұрғын зардап шекті. Билік зардап шеккендерге көмек көрсетіп, өтемақы төлеу және инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл – Муссон маусымы кезіндегі нөсер жауынның салдары. Мұндай жағдай Оңтүстік Азия елдерінде жыл сайын қайталанады.

Грекияда орман өртін сөндіру кезінде екі тікұшақ әуеде соқтығысып, екі адам қаза тапты. Тағы екі экипаж мүшесі жеңіл жарақат алды. Апат өрт ошағына су төгу операциясы кезінде болған. Оқиғадан кейін қауіпсіздік мақсатында Bell тікұшақтарының ұшуы уақытша тоқтатылды. Апаттың нақты себебін арнайы комиссия анықтайды. Грекияда аптап ыстық пен қатты жел әсерінен орман өрті жиі болады.

АҚШ-тың Вашингтон штатында бірнеше күн бұрын басталған ірі орман өрті салдарынан 600-ге жуық ғимарат отқа оранды. Табиғи апатқа байланысты шамамен 60 мың тұрғын қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Өртті сөндіруге жүздеген өрт сөндіруші, авиация және Ұлттық гвардия күштері жұмылдырылған. Алайда жалынның таралуын толық бақылауға алу әзірге мүмкін болмай отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал