МӘМС: 140 мың адамға жалған медициналық қызмет көрсетілген

Елімізде МӘМС қаражатын жымқырғандар ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, шамамен 140 мың азамат жалған түрде медициналық көмек алушы ретінде тіркелген. Қазір осы схемаға қатысы бар ұйымдар анықталып жатыр. Аталған дерек бойынша 36 қылмыстық іс тергелуде. Мемлекетке келтірілген шығын 3,5 млрд теңгеден асады. Мәселен, Түркістан облысында Жетісай аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. МӘМС аясында бөлінген қаражат қызмет көрсетпеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған. Осындай заңбұзушылық Астана мен Алматыда да анықталып отыр.
ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Сонымен қатар «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген. Алматы облысында «Mydental.kz» ЖШС мен «Стоматология Dr. Nurzhanova» ЖШС клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Шын мәнінде, пациенттерге ешқандай қызмет көрсетілмеген. Ал құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің тіркелген жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған. Нәтижесінде, жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан астам дерегі анықталып, мемлекетке 66 млн теңге шығын келтірілген.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал