Президент Астанада тұңғыш рет өтіп жатқан ЖИ бойынша олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада тұңғыш рет өтіп жатқан жасанды интеллект бойынша ІІІ Халықаралық IOAI-2026 олимпиадасының ашылу салтанатына қатысып, әлемнің 106 елінен келген дарынды оқушыларға сәттілік тіледі. Президент сөзінде еліміз цифрлық даму тұрғысынан стратегиялық таңдау жасағанына тоқтала келіп, бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді. 5 күнге созылатын білім сайысында 500-ге жуық оқушы бақ сынайды.
Бұған дейін оқушылар арасында жасанды интеллект жарысы Болгария мен Қытайдың Бейжің қаласында өткен. Ал үшінші олимпиаданы қабылдау мәртебесі — Қазақстанға бұйырды. Олимпиаданың ашылу салтанатында мемлекет басшысы сөз сөйледі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Құрметті ханымдар мен мырзалар, қадірлі достар! Ең алдымен, Сіздерге елордамыз Астанаға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. Баршаңызға жасанды интеллект бойынша ІІІ Халықаралық олимпиаданың басталуы құтты болсын! Осы дүбірлі додаға 100-ден астам мемлекеттен 500 дарынды оқушы қатысады. Сіздер әрқайсыңыз қатаң іріктеуден өтіп, әлемдік деңгейдегі мәртебелі әрі маңызды сайысқа келіп отырсыздар. Бұл – білім мен ұшқыр ой, тапқырлық пен табандылық бәсекеге түсетін бірегей жарыс. Бірнеше күн бойы нағыз тартысты сайыс болады деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік және табыс тілеймін!

Жасанды интеллектіден білім жарысы екі бағыт бойынша өтеді. Жеке кезеңде қатысушылар алты сағат ішінде жасанды интеллект модельдерін әзірлеп, түрлі тапсырманы шешсе, командалық кезеңде роботтарды бағдарламалайды. Осы мақсатта Қытайдан арнайы 10 робот жеткізілген. Дүниенің төрт бұрышынан келген оқушылар жасанды интеллектіден ғажайыптар күтеді.

EMMA CEREDA, ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ:
— Жалпы, жасанды интеллект менің ойымша болашақта көп нәрсені шешеді, көп жағдайда өмірімізге әсер етеді. Мексика командасы осындай олимпиадаға үшінші рет қатысып отыр. Ал менің қолымдағы өрме мен бантиктер, бас киім бұл біздің мемлекеттік туымыздың түсін көрсетеді.

Жасанды интеллектіден бақ сынайтын Қазақстан құрамасында сегіз оқушы бар. Команда құрамына Тараз, Шымкент, Ақтау, Атырау және еліміздің өзге өңірлерінен математика мен информатикадан үздік нәтиже көрсеткен оқушылар іріктелген.

ЖӘНІБЕК ҚАСЫМХАН, ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ:
— Олимпиадада бізге 6 тапсырма беріледі. Олардың алтауы әртүрлі болады. Жеңеміз деп үміттенемін.
Бұл – халықаралық олимпиада. Мұнда мемлекеттер өз командаларын жіберіп, кейін жеңімпаздарын өздері марапаттайды. Қазылар құрамына әртүрлі мемлекеттен іріктелген 14 халықаралық сарапшы енген.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Дүниежүзінен жиналған дарынды оқушылар жасанды интеллектіден өтіп жатқан халықаралық білім додасында бақ сынауға кірісті. Сан ұлттың өкілі бас қосқан жаһандық ғылыми олимпиада тамыздың 8-іне дейін жалғасады. Аты озып дара шыққандарды арнайы марапат күтіп тұр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал