«Балаңды неге тыймадың?!»: Нұрайдың әкесі сотта ренішін білдірді

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Марқұмды алып қашып кеткен кезде шақыртуға барған экс-тергеуші куәлік берді. Ол дәл сол сәтте видеожетонның жұмыс істемегенін айтты. Сонымен қатар айыпталушының ата-анасы мен бауырлары да сот алдында жауап берді.
Кезекті сот марқұмның анасына ауыр тиді. Жалғыз қызынан айырылған әйел көз жасын тыя алмады.

Сотта куәлік еткен экс-тергеуші Әбілғазы Артықбай көп нәрсе есінде жоқ екенін айтты. Ол Нұрайдың «өз еркімен келгенін» айтып түсірген бейнежазбаны іске тіркеуді қажет деп таппағанын жеткізді.

ӘБІЛҒАЗЫ АРТЫҚБАЙ, ЭКС-ТЕРГЕУШІ:
— Үйде тойдың атмосферасы болып жатты, адамдар да көп. Жедел уәкіл екеуміз бірге кірдік. «Қыз қайда?» деп сұрадық, ол отырған бөлмеге кірдік, жанында кішкентай қыздар жүрген, біз барлығынан шыға тұруын өтіндік. Жедел уәкіл екеуміз қыздан мән-жайды сұрадық. Ол Шерхан өзінің жігіті екенін және соңғы үш айдан бері қыз-жігіт ретінде қарым-қатынаста екенін айтты. «Өз еркіңізбен келдіңіз бе, қайдан келдіңіздер?» — дегенде: «өз еркіммен Алматыдан келдім», — деді.

Ал шақыртуға барғанда тіпті кеудесіндегі бейнежетон жұмыс істемеген болып шықты.

Сотталушының әкесі Әлмахан Макенов те куәлік берді. Ол: «Қыз өз еркімен келді, десе де оған қолхат жазғызу менің идеям болды», — деп жауап берді. Сотта айыпталушының әкесі мен жәбәрленушінің өкілі Бауыржан Сағымбек сөзге келіп қалды.

БАУЫРЖАН САҒЫМБЕК, НҰРАЙ СЕРІКБАЙДЫҢ ӘКЕСІ:
— Сен сталкинг туралы білмеймін дедің. Мен: «Балаң қызымды, оның құрбыларын қайта-қайта мазалап жатыр, балаңды тый», — деп айттым. Неге тыймадың енді?! Сен маған уәде бердің!
Сонымен қатар сотталушының анасы мен бауырлары және өзге де туыстары сот алдында жауап берді. Барлығы марқұмның некеге қарсылығы болмағанын айтты. Айта кетейік, сот іс-құжаттарымен танысуға кірісті.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал