Жолды қысқартамын деп, өмірді де қысқартып алмаңыз. Теміржол өткелінде жасалған бір ғана қателік орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Сондықтан бұл жерде асығыстыққа жол жоқ. «Заң және тәртіп» қағидасы аясында теміржолшылар жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Бұл – Астанадағы «Өндіріс» шағын ауданындағы теміржол өткелі. Күн сайын мұнда мыңдаған көлік қатынайды. Теміржол өткелінде жіберілген бір ғана қателік қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Сондықтан «Қауіпсіз өткел», «Қауіпсіз теміржол» акциясы аясында теміржолшылар мен желілік полиция қызметкерлері жүргізушілерге арнайы жадынамалар таратып, қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Мамандардың сөзінше, станция аумағындағы жол-көлік оқиғалары көбіне жүргізушілердің асығыстығы мен салғырттығынан болады.
АЛМАЗ СЕРІКҚАЗЫНОВ, ЛОКОМОТИВ ПАЙДАЛАНУ ДЕПОСЫНЫҢ МАШИНИСТ-НҰСҚАУШЫСЫ:
— 1 минут асыққаннан жол оқиғасы орын алып жатады. Жүргізушілерге айтарым, жолда асықпаңыздар, кемі 5 минут тұрған абзал.
Кейбірі ескерту белгілері мен бағдаршамға мән бермей, өткелден тезірек өтіп кетуге асығады. Биыл 2 мың адам теміржол өткелдерінде жол ережесін бұзған. Оның 40 пайызы айыппұл төлейтін болды.
БЕЙБІТ ҚЫРЫМҚОЖИН, ПД ӘПБ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Көлік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер теміржолды арнайы белгіленбеген жерден кесіп өтеді. Мұндай жағдайлар өткелдерде де, станция аумақтарында да жиі кездеседі. Адамдар жолды қысқартпақ болып, өз өмірлеріне қауіп төндіреді. Тіпті шлагбаум жабылып тұрса да, кейбірі талапты елемей, теміржолдан өте береді. Ал пойыз – көлік емес, оны бірден тоқтату мүмкін емес. Мәселен, сағатына 60 шақырым жылдамдықпен келе жатқан пойыздың тоқтау жолы шамамен 450 метрге дейін барады.
Теміржолдағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға жаза да күшейтілген. Былтыр айыппұл көлемі 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Ал техникалық құралдар мен теміржол мүлкіне зақым келтірген жүргізушілер 9 айға дейін көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Қазір қайталанған құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесі қаралып жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.