Солтүстік Қазақстан облысының Бескөл ауылында тұрғындар жағымсыз иіске тұншығып жатыр. Құс фабрикасы аумағынан тараған мүңкіген иіс жергілікті жұрттың тынысын тарылтқан. «Бұқара аптап ыстықта терезе аша алмай, қалдық», — деп шағымданды.
Облыс орталығынан 10 шақырымда орналасқан Бескөл ауылының тұрғындары құс фабрикасынан жағымсыз иістің тарап жатқанына біраз болғанын айтады. «Әсіресе кешқұрым тынысымыз тарылады», — дейді.
ЖАЗИРА ОМАРОВА, БЕСКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Мамыр айында басталып, күзге дейін осындай иіс тұрады. Кешке қарай басталады. Кешке тазалай ма, құстарды шығара ма, білмеймін. Далаға не кір жая алмаймыз, не кешкі салқынмен терезені аша алмаймыз.
«Экологиялың мәселе шешілмесе, ауру-сырқау көбейіп кете ме?», — деп қауіптенеді тұрғындар. Елді мекен іргесінде тері өңдейтін зауыт және үйрек пен тауық өсіретін екі фабрика қаз-қатар тұр. Алайда құс өсірушілер тұрғындардың шағымымен келіспейді.
МАҒЖАН АВКЕ, ҚҰС ФАБРИКАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Құс фабрикасы барлық ветеренарлық-санитарлық нормаға сай жұмыс істейді. Соңғы үлгідегі қондырғылар тұр. Қалдықтарды өртемейміз. Барлық құзырлы органдармен келісімшарт бар.
Жергілікті билік өкілдерінің дерегінше, мұндағы өндірістердің алды өткен ғасырдың 70-жылдары ашылған. Ал тұрғындардың шағымына қатысты мәселе назарға алынған.
БАУЫРЖАН МУСИН, БЕСКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Тұрғындардың шағымы ескерілді. Арнайы комиссия құрылады. Артынша тексеріс жүргізу үшін экология департаментіне жүгінеміз. Жағымсыз иістің нақты қайдан шығып жатқанын әзір айта алмаймын. Себебі аумақта бірнеше ферма бар.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешімі жоқ. Егер түйткіл жақын арада тарқатылмаса, бұқара прокуратураға арыздануды жоспарлап отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.