Отандық өнімге дүкен сөрелерінен көбірек орын беріледі

«Қазақстанда жасалған» белгісімен таңбаланған отандық тауарларға сауда орындарының ең сұранысқа ие сөрелерінде көбірек орын берілуге тиіс. Үкімет отырысында Премьер-министр сауда желілері отандық өнімге деген көзқарасын қайта қарап, жергілікті өндірушілер үшін барынша қолайлы жағдай жасауы қажет екенін айтты. Сондай-ақ жиында ішкі нарықты қамтамасыз ету, ұлттық брендті дамыту және ет бағасын тұрақтандыру мәселелері талқыланды.
«Қазақстанда жасалған». Еліміздің сауда орындарында дәл осындай белгімен сатылып жатқан азық түлік өнімінің сан түрі күн санап артып келе жатқаны белгілі. Өткен бес айдың қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлар экспорты 12% өскен. Қазақстанның ішкі нарығы отандық өндірушілер үшін сұраныстың басты көзі болып қала бермек. Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі мәлімдеді. «Бүгінгі таңда Қазақстан көптеген базалық өнім бойынша ішкі сұранысты толық қамтып келе жатыр», — деді Арман Шаққалиев.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:
— Бүгінде Қазақстан ең қажет өнімдермен ішкі сұранысты қамтамасыз етеді. Күнбағыс майы, ұн, күріш, картоп, пияз, сәбіз, макарон өнімдері, сиыр және қой еті бойынша 100% қамтылған. Аграрлық секторда халал стандарттарды енгізе отырып, отандық ет өнімінің экспорты екі жылда 50% өсіп, шамамен 170 миллион АҚШ долларына жетті.

«Қазақстанда жасалған» таңбасы тұтынушылар сенім артатын жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді. Бұған экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткіздік. Ендігі міндет ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруды жалғастырып, өткізу нарықтарын кеңейту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарда неғұрлым белсенді ілгерілету қажет деген Премьер-министр қазақстандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғау қажеттігін атап өтті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ:
— Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, атап айтқанда, азық-түлік және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар орын алуда. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір – бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін.
Үкімет отырысында отандық өндірушілер өз өнімдерін өткізу кезінде негізсіз әрі басы артық әкімшілік талаптарға тап болмауы тиіс. «Барлық талап бір құжатта жинақталып, жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйеде нақты көрініс табуы тиіс», — деген Премьер-министр иісті ведомстволарға нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал