Санкт-Петербургте медиа қауымдастық өкілдері, мемлекеттік мекеме және сарапшылар тобы бас қосты. Олар Қазақстан-Ресей медиафорумында пікір алмасты. Жиында жалпы медиа ортадағы өзекті мәсееллер тақлыданды.
Медиа саласы технологиялық өзгерістердің жаңа кезеңіне қадам басты. Бұған дейін интернет баспасөз, радио және телевизия жұмысына түбегейлі өзгеріс енгізсе, бүгінде жасанды интеллект цифрлық медианың өзін өзгертіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік платформалардың негізіндегі алгоритмдер ақпарат тарату қағидаттарын өзгертуде, медиакеңістікті бақылауды күрделендіріп, ақпараттық ықпал ету орталықтарын біртіндеп қайта қалыптастыруда.
ҚАНАТ ҚҰЛШЫМАНОВ, ҚР ПӘ КОММУНИКАЦИЯЛАР БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Жасанды интеллект жалған контент жасауды едәуір жеңілдетіп, оны орасан ауқымда таратуға мүмкіндік береді. Ал оны кәсіби тұрғыдан тексеріп, дәлелді түрде жоққа шығару әлдеқайда көп уақытты талап етеді. Әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа бақылауды күшейту бүгінде жаһандық үрдіске айналып отыр. Сондықтан біз үшін бірлесе жұмыс істеп, тұрақты әрі сындарлы диалог орнатып, практикалық шешімдерді бірлесіп әзірлеу маңызды.
Медиафорумның негізгі тақырыптары – жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың мүмкіндіктері мен сын-қатерлері, цифрлық құралдарды пайдалану және ақпараттық даудың алдын алу. Сарапшылар кәсіби мәселелерді де талқылады. Атап айтқанда, кадрлық әлеуетті дамыту және дәстүрлі редакциялардың трансформациясы сөз болды.
РАУШАН ҚАЖЫБАЕВА, ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз сапалы журналистика стандарттарын қатаң қорғау, редакциялық жауапкершілік институтын сақтау және кәсіби медиаортаның бақылаусыз әрі манипуляциялық контент ағынымен алмастырылуына жол бермеу қажеттігін басшылыққа аламыз.
Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллекті дамыту саласындағы жетістіктеріне ТАСС агенттігінің бас директоры Андрей Кондрашов жоғары баға берді. Ол елімізде Жасанды интеллект туралы заңның қабылдануына, Цифрлық кодексті әзірлеу жұмысына және осы бағыттағы білім беруді дамытуға ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл тәжірибе ресейлік әріптестер үшін де қызығушылық тудырады. Медиафорум аясында «Ғарышты игеру – ресейлік және қазақстандық фотографтардың көзімен» атты фотокөрме өтті. Бұл – Қазақстан Президентінің телерадиокешені мен ТАСС агенттігінің бірлескен жобасы. Байқоңырдың тарихын бейнелейтін көрмеге екі медиақұрылым ұсынған бірегей фотосуреттер қойылды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.