Алматыда университеттер арасындағы FIDE командалық әлем чемпионаты басталды

Алматыда тұңғыш рет университеттер арасындағы FIDE командалық әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсеке әлемнің түкпір-түкпірінен келген болашақ зияткерлік элитаны бір алаңға жинады. Сайыс 9 тамызға дейін жалғасады. Чемпионатта әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының студенттері бақ сынайды. Финалдық кезеңге 49 елдің 79 университеті арасынан іріктелген 16 команда жолдама алды. Қазақстан намысын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық спорт университеті қорғайды. Негізгі турнирден бөлек, көрерменді тағы бір халықаралық дода күтеді. Онда Қазақстанның 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы әлем құрамасына қарсы матч өткізеді.
ТИМУР ТУРЛОВ, ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Бұл чемпионатқа әлемнің жетекші университеттерінің ең мықты командалары қатысып жатыр. Олардың қатарында Кембридж, Оксфорд, Гарвард және Қытайдың беделді жоғары оқу орындары бар. Әрине, ұйымдастырушы ел ретінде қазақстандық университеттердің де көптеп қатысуына мүмкіндік алдық. Бұл талантты жастар үшін Қазақстанды, Алматыны жақынырақ танып, жаңа достар тауып, еліміз туралы көбірек білуге және әдемі шахмат ойынын көрсетуге үлкен мүмкіндік болады деп сенеміз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал