Ақтауда жасөспірімдер арасындағы қатыгездік жұрттың жағасын ұстатты. Әлеуметтік желіде тараған жазбада бірнеше жасөспірімнің 14 жастағы оқушыны аяусыз соққыға жыққаны көрінеді. Жәбірленушінің әпкесі оқиға 32 А шағын ауданында болғанын айтты. Шамамен 16-17 жастағы екі жасөспірім баланы тоқтатып, оның телефоны арқылы досын далаға шақырмақ болған. Алайда жәбірленушінің танысы сыртқа шықпаған соң, 14 жасар баланы жабылып ұрып-соққан. Болған жайтты видеоға да түсіріп алған. Зардап шеккен оқушы ауыр халде облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның басынан жарақат алғанын анықтап, шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. Қазір оқиғаға байланысты құзырлы органдардан ресми тергеу нәтижесі күтілуде.
ӘЙГЕРІМ ИБАТУЛЛАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Бір топ адамның бұзақылық жасауы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланады және оны жасағаны үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік көзделген. Жанжалға қатысқан барлық тұлғалар анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, олардың заңды өкілдері заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.