Түркістан облысында той үстінде діни уағыз айтып, әйелдер мен әншілерге тіл тигізген ақсақал қамауға алынды. Оның үстінен әлеуметтік және діни алауыздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе ірі көлемде айыппұл қарастырылған.
Ер адам ерлер мен әйелдердің бір дастарқан басында отыруы шариғатқа қайшы екенін айтып, әйелдерді «ұрғашыға» теңеген. Көпшіліктің наразылығын тудырған бұл оқиға бойынша Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мәлімдеме жасап, Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, мұнда, ең алдымен, заң үстемдік ететінін еске салды. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы исламда адамды ар-намысына тиетін сөздер айтуға жол берілмейтінін мәлімдеді.
ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:
Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз. Осы ретте тағы да ел азаматтарын сөз жауапкершілігіне ден қоюға, діни мәселелерде тек ресми діни қызметтегі білікті ғалымдардың түсіндірмесіне сүйенуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға шақырамыз.
Осыдан кейін әйелдер мен әншілерге тіл тигізген ақсақал қамауға алынды. Оның үстінен әлеуметтік және діни алауыздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе ірі көлемде айыппұл қарастырылған.
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:
Әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының жария айтқан сөздері түсірілген бейнежазбаның таралуына байланысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. ІІМ ескертеді: адамның қадір-қасиетін қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыратын не қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған кез келген жария мәлімдемелерге заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
Жалпы, соңғы кезде той жүргізетін асабалардың мәдениетіне қатысты түрлі сын-пікір айтылып жүр. Той-томалаққа қатысушылар арасында оғаш ойын өткізіп, түрлі әрекет жасауға итермелейтіндерді де жазаға тарту қажеттігі алға тартылды. Әлеуметтанушылар қазыналы тойдың шырқын бұзбай, бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша өткізу мәдениетін қалыптастыруды ұсынды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.