Жасанды интеллект дәуірінде қандай мамандық таңдау керек?

127 мың талапкер мемлекеттік білім грантына өтініш беріп, мыңдаған мамандықтың арасынан өз таңдауын жасады. Биыл талапкерлердің басым бөлігі ІТ, инженерлік және педагогикалық бағыттарды таңдаған. Алайда біреулер болашақтың мамандығына сенім артса, енді біреулер уақыт өте келе бұл кәсіптердің қаншалықты сұраныста болатынына алаңдайды. Өйткені жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын еңбек нарығы да күн сайын өзгеріп келеді.
Мамандық таңдау – талапкер үшін өз болашағына салынған инвестиция. Қазір ең сұранысқа ие бағыттардың қатарында инженерлік іс, ІТ-технологиялар, педагогика және еңбек нарығында қажет басқа да мамандықтар бар. Бұл туралы салалық министрліктер де айтып отыр. Өйткені олар еңбек нарығындағы сұранысты тұрақты түрде саралап келеді.

ЖАННА ЕСІНБАЕВА, ҚР ҒЖБМ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Жыл сайын министрлік мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастырған кезде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынатын еңбек нарығының талдауына сүйенеді. Қазіргі таңда инженерлік бағыттарға, механиктерге және металл өңдеу саласының мамандарына сұраныс артқаны байқалып отыр. Соған байланысты мемлекеттік гранттардың шамамен 60 пайызы инженерлік мамандықтарға бөлінді. 20 пайызы педагогикалық ғылымдарға, ал қалған 20 пайызы кадрларға деген сұранысқа қарай өзге салаларға қарастырылған.

ІТ мамандарына деген сұраныс бірнеше жылдан бері тұрақты өсіп келеді. Сондықтан бұл сала талапкерлер арасында да ең танымал бағыттардың бірі. Себебі ақпараттық технология мамандары бүгінде бизнес, өндіріс, білім беру, медицина және басқа да көптеген салада қажет.

ЕРАСЫЛ ИЖАНОВ, ТАЛАПКЕР:
— Мен ІТ саласын таңдадым. Себебі қазір бұл бағыт өте қарқынды дамып жатыр. Үнемі жаңа технологиялар мен мүмкіндіктер пайда болуда. Болашақта да жасанды интеллектінің дамуына қарамастан, ІТ саласы сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Ең бастысы, үнемі білім алып, өзіңді дамытып, заман ағымынан қалмау керек.

Расында, жасанды интеллект көптеген саланы өзгертіп жатыр. Бұрын тек адамның қолынан келетін жұмыстарды бүгінде технология атқара бастады. Тіпті хирургиялық операцияларға да жасанды интеллект енгізіліп келеді. Сондықтан, бәсекеге қабілетті болу маңызды.

ИРИНА СМИРНОВА, БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:
— Ең бастысы – жақсы маман болу. Яғни жай ғана диплом алып қоймай, өз ісіңді жетік меңгеру қажет. Сонымен қатар өз жұмысыңды жақсы көру өте маңызды. Өйткені өміріміздің кемінде сегіз сағатын жұмыс орнында өткіземіз. Егер мамандығың өзіңе ұнамаса, онда өмір сүру де қиын болады.

МҰХАМЕД БАҒДАТҰЛЫ, HH.KZ КОМПАНИЯСЫНЫҢ PR МЕНЕДЖЕРІ:
— Қазіргі таңда ең маңызды қабілет – өзгеріске тез бейімделу және икемді болу. Сонымен қатар үздіксіз білім алып, жаңа дағдыларды меңгеріп отыру қажет. Қаржылық сауаттылық, ІТ саласындағы технологиялық білім, жауапкершілік сияқты soft skills дағдылары және үйренуге деген қабілет бүгінде ең сұранысқа ие үш дағдының қатарына кіреді.

Сарапшылардың айтуынша, бүгін мамандық таңдау – болашаққа бастар алғашқы қадам ғана. Ең маңыздысы, таңдаған кәсіптің технологиямен бірге қалай өзгеретінін түсініп, ертең де сұраныста болу үшін үздіксіз даму қажет.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал