Кәсіпкерлер бизнес нысандарының маңын таза ұстауға міндеттелді

Кәсіпкерлер бизнес нысандарының маңындағы аумақты ретке келтіріп, ұқыптап ұстауға тиіс. Өскемен шенділері «Таза Қазақстан» акциясы аясында сауда орындарының иелеріне абаттандырудың жаңа талаптарын түсіндіруде. Кәсіпкерлер коммерциялық нысан маңын таза ұстап, көгалдандыруға міндетті. Алайда іс жүзінде бұл талап барлық жерде орындалмай отыр. Әсіресе орталық базар аумағында қоқыс көп. Ал сатушылар көкөніс салынған қорап пен құрылыс қалдықтарын жаяу жүргіншілер жолы жанына жинайды. Әзірге тәртіп бұзғандарға ескерту беріліп жатыр. Егер талап қайта бұзылса, айыппұл салынады. «Оның мөлшері 110 мыңнан 369 мың теңгеге дейін болады», — дейді мамандар.
РУСЛАН ӘМІРБАЕВ, СӘУЛЕТ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
— Коммерциялық нысанның айналасындағы 5 метр аумақта тәртіп сақталуы тиіс. Кәсіпкерлер бұл жерді абаттандырып, тазалығын қамтамасыз етуі керек. Қыс мезгілінде қарды уақытылы тазалау да олардың міндетіне кіреді. Қазір бұл жұмыстар Өскемен қаласының барлық аумағында жүргізіліп жатыр.

АМИНА ҚҰРМАНЖАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерді айыппұлмен жазалау емес, қаланы таза әрі тұрғындарға жайлы ету. Сондықтан алғашқы кезеңде кәсіпкерлерге тек ескерту жасап, жаңа талаптарды түсіндіреміз.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал