Петропавлда Есіл өзені бойындағы биік жарлар біртіндеп нығайтыла бастады. Өңірде 2024-2025 жылдары болған алапат тасқын салдарынан топырық опырылып, осы маңдағы нысандарға қауіп төндіруде. Әсіресе «Жеңіс саябағы» аумағында жағдай күрделі. Себебі тұрғындар көп баратын демалыс аймағында бірқатар әлеуметтік нысан орналасқан. Сондықтан болашақта жиекті қарғын су шайып кетпес үшін жалпы ұзындығы 300 метрден асатын ашық суағар желісі салынды. Аса қауіпті деген жерлер темірбетон материалдарымен күшейтіліп жатыр. Ол үшін жергілікті қазынадан 660 миллион теңге бағытталды.
ТАТЬЯНА ПАВЕЛЬЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қазір мұнда серуендеу аса қауіпті. Өзім жарға жақындауға қорқамын. Өйткені ол өте биік әрі кез келген сәтте опырылып кетуі мүмкін. Жыл сайын бүлінген аумақ ұлғайып, қалаға жақындап келеді. Егер тиісті шаралар қабылданбаса, саябаққа зиян келеді.
БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, ҚАЛАЛЫҚ ТКШ БӨЛІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Қазіргі уақытта мердігер Есіл өзенінің бойындағы опырылған және топырағы сырғыған бөліктерді нығайту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Ол үшін темір шпунттар, швеллелер, геотор, темір қалқан сияқты материалдар қолданылады.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.