Атыраудағы жекеменшік балабақшаның бірінде тәрбиеші 1 жарым жастағы баланы ұрып-соғып, тұншықтырған. Сәбиді жұлқылап, бетінен шымшығаны, құлағынан тартып, қолынан сүйрегені бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Денесіндегі көгерген іздерді байқап, дабыл қаққан баланың анасы: «Кінәлі адам жазасын алсын», — дейді. Тәрбиеші бұған дейін істі болған көрінеді. Ал балабақша директоры бұл жайдан хабарсыз екенін айтып отыр.
Бейнебақылау камерасына түсірілген тәрбиешінің әрекеті адамды бейжай қалдырмайды. Тәрбиеші бір жарым жастағы баланы қолынан сүйреген. Бетін шымшып, құлағын тартып, күшпен ұйықтатпақ болған. «Ал камерасы жоқ бөлмелерде не істегенін елестете алмаймын», — дейді баланың анасы.
Баланың денесіндегі жарақатты әуелі нағашы әжесі байқаған. Дереу қызына ескертіп, құзырлы органдарға хабар беру керегін айтыпты. «Балабақшадағы бейнекамераларды қарап, жағамды ұстадым»,- дейді ол.
«Кішкентай балаға қол көтерген әйел бұрын істі болған», — дейді жәбірленушілер. Ал жекеменшік балабақшаның басшысы бұл бассыздықтан бейхабар екен айтады. «Қарамағындағы қызметкердің сотталғанын, балаларға күн көрсетпегенін кеше естіп, шошып отырмын»,- дейді ол.
НАҒИМА АМАНҚОСОВА, ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Тәрбиешінің оған дейін мұндай қылықтарын байқаған жоқпыз. Жұмысқа кіргеніне 2 ай болды. Сотталмағаны туралы қағазды өткізген. Бірақ 2025 жылғы екен.
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, 27 жастағы күдікті тергеліп жатыр.
ӘДІЛБЕК ҚОЗЫБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
— Атырау облысы Полиция департаменті хабарлайды: аталған дерек бойынша кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамау бабымен қылмыстық іс қозғалып, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Құқықбұзушылық қатысты барлық тұлға Полиция бөліміне жеткізілген. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.
Жекеменшік балабақшаның ашылғанына 3 ай болған. Қазір 24 бала тәрбиеленіп жатыр. Жәбірленушілер: «Тәрбиешіден бөлек, балабақша жұмысын жүргізіп отырғандар да жауапқа тартылсын», — дейді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.