Шерхан Аймахан Нұрайға 7-8 рет пышақ сұққанын мойындады

Бұған дейін «Нұрайға пышақ сұққаным есімде жоқ» деген сотталушы Шерхан Аймахан марқұмға 7 немесе 8 рет пышақ жарақатын салғанын айтты. Ол бұл туралы уақытша ұстау изоляторында берген жауабында мәлімдеген. Бүгін кезекті сот отырысында тараптар іс-құжаттарымен танысты. Ал сарапшы маман марқұмның денесінің қай тұсына пышақ сұғылғанын көрсетті.
Бүгінгі сот отырысында Шерхан Аймаханның уақытша ұстау изоляторында берген жауабы тыңдалды. Онда ол марқұм Нұрайға 7-8 рет пышақ сұққанын мойындаған. Сондай-ақ мамыр айындағы жауабында өзіне қол салғаны туралы айтады.
Кеуде тұсынан іш қуысына дейін енген жарақаттар ең ауыр әрі өлімге әкелген болуы мүмкін. Бұл туралы сот-медициналық сараптама маманы айтты.

ЖАНБОЛАТ ПЕРНЕБЕКОВ, СОТ-МЕДИЦИНАЛЫҚ САРАПШЫ:
— Жарақаттың бәрі кеуде қуысына және іш қуысына еніп, ішкі ағзаларын жарақаттаған. Енген жарақаттары жалпы – 8 (проникающий). Бірақ бұл жерде менің белгілегенім 8-ден көп болып тұр, өйткені кеуде мен іш қуысына енген жарақаттар 8, ал мойнындағы қан тамырлар жарақаты мойын бұлшықетінің жарақатына жатады. Мойын, іш, кеуде торындағы жарақаттарының тереңдігін есепке алған кезде бұл қатты күшпен салынған жарақаттар.

Жәбірленуші тарап сотталушыдан 10 млрд теңге моральдық зиян өндіруді және 14 млн теңге материалдық шығын талап етті.

АЯНХАН ОМАРОВ, АДВОКАТ:
— Жалпы кеткен шығындарды есептесек, 14 млн 739 мың 65 теңгені құрап отыр. Бұл – материалдық шығын. Қандай моральдық шығын сұраса да, оның орны Нұрай Серікбайды қайтармайды және қайғысына демеу бола алмайды. Жәбірленуші тарап 10 млрд теңге мөлшерінде моральдық зиян өндіріп беруді сұрайды.

Жәбірленушінің өкілдері бұл қаржыдан бірде-бір тиын алмайтынын, барлық ақша қайырымдылық қорларына аударылатынын жеткізді. Айта кетейік, сот 19 томдық іс-құжаттарын зерделеуді аяқтады. Ал жарыссөз 11 тамызға белгіленді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал