Астанада үстіне көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті құлап қаза тапқан жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша тың дерек шықты. Енді оқиға болған үйге жауапты мүлік иелері бірлестігінің төрағасы сотталуы мүмкін. Оның бұл қызметке кіріскеніне алты ай ғана болса да, күдікті деп танылған.
Қайғылы оқиғаға дейін мүлік иелері бірлестігінің төрағасы болып сайланған Сәуле Жұбаниязова бірнеше рет полицияға тек куәгер ретінде шақырылып келген. Осы жолы тергеудегі құжаттарды қайтарып алуға барып, күдікті екенін білген. Ол аз уақытта көпқабатты үй қасбетінің қаншалықты апатты екенін білмегенін айтады.
САУЛЕ ЖҰБАНИЯЗОВА, МИБ ТӨРАҒАСЫ:
— Мен Мүлік иелері бірлестігі төрайымы болған алты ай ішінде тұрғындардан үйдің жағдайына қатысты ешқандай шағым түскен жоқ. Бұған дейінгі төраға да айтқан жоқ. Мен құрылыс маманы емеспін. Сырттай құлайын деп тұрған ештеңе байқалмады. Бұған дейін қандай да бір мәселе болғанын үй қасбеті құлағаннан кейін ғана білдім. Білген күннің өзінде кассада бір тиын жоқ болатын. Өзім де осы үйдің тұрғынымын.
Пайдалануға берілгелі 20 жыл болған үйді бірлестік төрағасы ретінде қабылдап алған Сәуле Жұбаниязованың айтуынша, оның үстінен Қылмыстық Кодекстің 254-бабы бойынша іс қозғалған. Ал оқиға болған күні зардап шеккендердің жағдайын сұрап жатқан жан жоқ.
Сырты бүтін көрінгенімен, бір сәтте күлдей шашылған қасбетті көрген тұрғындар әлі де үрейде жүр. Олар кез келген уақытта оқиға қайталана ма деп қорқады.
МАРИЯ БАЙМУКАНОВА, ТҰРҒЫН:
— Жоғарғы қабаттардағы мына жарықтар расымен болған. Бірақ олардың сыланып, бітелгеніне мен ешқашан назар аудармағанмын. Бұл туралы тек үйдің бір бөлігі құлағаннан кейін ғана белгілі болды. Сөйтсем, алдыңғы төраға бұл жарықтарды бұрыннан көрген екен. Ол өнеркәсіптік альпинистерді шақыртып, жарықтардың ішкі жағын жай ғана сылап тастаған. Бірақ бұл мәселені шешудің дұрыс жолы емес еді. Меніңше, мұнда әлдеқайда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек болатын.
Былтын қарашаның 8 күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан тұрғын үйдің қасбетіндегі кірпіш пен кондиционері опырылып түсіп, бес адам зардап шеккен еді. Сол сәтте үйінді астында қалған адамдарға көмекке ұмтылған жедел жәрдем қызметінің фельдшері 23 жастағы Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алып, кейіннен қайтыс болды. Іс әлі тергеліп жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.