Абай облысында қайтарылған активтер есебінен 26 жоба іске асырылып жатыр

Абай облысында мемлекетке қайтарылған заңсыз шығарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатқан әлеуметтік жоба көбейді. Өңірде жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын 26 жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – Семейдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңа корпусы. Жоба психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға арналған орын тапшылығын азайтып, қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Жаңа корпус құрылысына 2,6 миллиард теңге жұмсалған. Үш қабатты ғимаратта толық күтімді қажет ететін 100 адамға орын қарастырылған. Қазір мұнда 50 ер адам мен 50 әйел тұрып жатыр. Жаңа корпус пайдалануға берілгеннен кейін бір адамға шаққандағы тұрғын алаңы мемлекеттік стандартқа сәйкестендіріліп, санитарлық талаптар толық қамтамасыз етілді. Жалпы орталықта 400 адам тұрақты түрде арнаулы әлеуметтік қызмет алады.

Мекемеде әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық және еңбекке бейімдеу қызметтері көрсетіледі. Тұрғындар бес мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, оңалту, ем-дом, мәдени іс-шаралар мен еңбек терапиясына қатысады. Облыс бойынша бүгінде 841 орынға арналған бес медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 652 әлеуметтік қызметкер еңбек етеді.

ЕРКЕБҰЛАН ҚОЖАНБАЕВ, ОБЛЫС ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ:
— Семей қаласында құны 2,6 млрд теңге болатын Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жаңа корпусы салынды. Бұл психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арналған орын тапшылығын жойып, арнаулы әлеуметтік қызметтерді алуға кезекте тұрғандар санын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді.

Қайтарылған активтер есебінен өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жалғасады. Алдағы жылдары Семей мен Аягөз қалаларында әрқайсысы 150 орындық екі балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын салу жоспарланған. Әр жобаның құны шамамен 11 миллиард теңгені құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар әлеуметтік қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал