Құрылтай сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Партия өкілдері өңірлерді аралап, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай бастаған республикалық сайлауалды штабы Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Өңірдегі жұмыс «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында жалғасып, Жуалы ауданы Нұрлыкент ауылының тұрғындары, диқандары және жергілікті кәсіпорын ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды.
Көпқабатты үйлерді жаңғырту, ескірген лифт мәселесі. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері коммуналдық салада қордаланған проблемаларды талқыға салды. Ақтөбеде өткен шараға пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің басшылары қатысты.
BAYTAQ партиясы «Қазгидромет» ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Алматы қаласының экологиялық ахуалы, атмосфералық ауа сапасын бақылау, қоршаған ортаның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу және экологиялық қауіпсіздікті күшейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан халық партиясының өкілдері азаматтық қоғамды дамытуға атсалысып жүрген азаматтармен жүздесті. Жиын барысында мүгедектігі бар жандар жүзеге асырған жобалар баяндалып, жоспарлары таныстырылды. Мәселен, өңірде ерекше күтімдегі адамдарға тегін инвотакси қызметі ұсынылады, арнайы ақпараттық портал да ашылған.
«Ауыл» партиясының өкілдері Өскеменде инклюзивті білім беру және дамуында ерекшелігі бар жандарды қолдау мәселесін талқылады. Басқосуға өңірдегі түрлі қоғамдық ұйым белсенділері жиналды. Кандидаттар ел бойынша мүгедекті бар азаматтардың жұмысқа орналасу жайына ерекше тоқталды.
«Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматыға барды. Құрылтай депутаттығына кандидаттар логистикалық компания мен құрылыс материалдарын шағаратын зауыт ұжымымен кездесті. Жиында саяси ұйымның бағдарламасы таныстырылып, кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
RESPUBLICA партиясының өкілдері Шымкентте еңбек ұжымдарымен кездесті. Олар темір есік жасайтын кәсіпорын мен аллюминий өнімдерін шығаратын зауытта болды. Кездесу барысында отандық өндірісті дамыту және қазақстандық бизнесті қолдау туралы сөз болды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.