Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж адамды ЖИ анықтайды

Атаулы әлеуметтік көмекке нақты мұқтаж адам жасанды интеллект анықтай бастады. Ал табысын жасырып, мемлекеттен төлем алуға тырысатындар енді тырп ете алмайды. Комиссия мүшелері өтініш берушілердің тұрмыстық жағдайын бағалау үшін арнайы мобильді қосымшаны пайдаланады. Тексеру кезінде тұрғын үйдің фотосуреттері түсіріліп, геолокациясы тіркеледі. Кейін барлық мәліметті жасанды интеллект сараптап, мемлекеттік деректер қорымен салыстырады. Яғни сәйкессіздік болса, бірден анықталады.
САЯЖАН ЕШАНҚҰЛОВ, «ЕҢБЕК РЕСУРСТАРЫН ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазіргі уақытта екі модель қолданыста бар. Оның біріншісіне тоқталатын болсақ, бұл мемлекеттік дерек қорынан алынатын отбасы жайлы мәліметтердің негізінде ұсыныстар қалыптастырады. Бұл – отбасының табысы, әл-ауқаты, тұрғын үйі. Екінші модель бойынша, учаскелік комиссия отбасының материалдық жағдайын зерделеу барысында жасаған фото материалдар зерделене отырып, объективті ұсыныстар жасақталады.
Цифрлық бақылау жүйесі енгізілгеннен бері ел бойынша әлеуметтік төлем алатын отбасы 31% азайған. Яғни жалған құжат тапсырып, Үкіметке масыл болып жүрген 24 мың отбасына жәрдем беру тоқтатылды. Бұрын 78 мың отбасы жәрдемақы алатын болса, қазір олардың саны – 54 мың. Қалай болған күнде де атаулы әлеуметтік көмекті беру не бермеу туралы соңғы шешімді мемлекеттік органдар қабылдайды. Ал жасанды интеллект ақпаратты сараптауға ғана көмектеседі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал