Ақтөбеде шетелге демалысқа жиналған тұрғындардың жоспары бұзылды. Жүзге жуық адам армандаған саяхатының орнына қазір полицияға арыз жазып жүр. Олар Түркия, Мысыр және Грузияға жолдама алу үшін бір туристік компанияға ақша төлеген. Бірі отбасымен демалуды көздесе, енді бірі сапар ақысын несиеге рәсімдеген. Кей тұрғындар турдың құнын көктемнен бастап бөліп төлеп келген. Алайда ұшатын уақыт жақындағанда туристік компанияның есігі жабылып, маңдайшасы алынып тасталған. Кеңсе мөрленіп, қызметкерлердің телефондары да өшірулі тұр. Теңіз жағасында демалуды жоспарлаған жұрттың енді ақшасын қалай қайтаратыны белгісіз. Жиналған азаматтардың айтуынша, компанияға берген қаражаттың жалпы сомасы 200 миллион теңгеден асады. Зардап шеккендер полицияға жүгінді. Құқық қорғау органдарына әзірге 17 арыз түскен.
АСЫЛБЕК ДҮЙСЕНБЕКОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— 2 млн 540 мың теңгеге тур алдық. Отбасымызбен Түркия еліне Анталья қаласына баруымыз керек еді. Алматы арқылы ұшатын болдық. Алматыда «қазір жіберемін, бара беріңіздер» деді де, ұшуға бір күні қалған кезде: «Аға, басқа турға ауыстырып беремін, артық шығып жатса ақшасын өзім қосып жіберемін», — деді. Қосқан да жоқ, ертеңіне бір күн күттік, ешқайда ұшпадық.
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Ақтөбе облысы полиция департаментімен аталған дерек бойынша «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті анықталып, уақытша ұстауға бағытталған жедел шаралар атқарылып жатыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.