Білім грантын бөлу нәтижесі неге көпшілікке түсініксіз?

Биыл грантқа талас бұрынғыдан да тартысты болды. 127 мың талапкердің 75 мыңнан астамы ғана мемлекеттік грант иеленді. Ал тізімнен тыс қалғандар енді қайтпек? Талапкерлер не дейді?
СҰЛТАНБЕК ЕРНАЗАР, ТАЛАПКЕР:
— Мен ҰБТ-дан 104 балл алдым. Дүниежүзі тарихы мен ағылшын тілі пәндерін таңдадым. Өкінішке қарай, грантқа түсе алмадым.
Гранттан қағылып әлеуметтік желіде қайғырған талапкерлерге тамаша мүмкіндік бар. Жоғары оқу орындары жастарға тағы екі мыңнан аса грант береді. Оқу ақысына жеңілдік пен атаулы стипендия да қарастырылған.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
— Мысалы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауыл мектептерінің, шағын және моноқалалардың түлектеріне 350 грант ұсынады. KAZENERGY, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да ұйымдар өздерінің білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Оқу басталғаннан кейін де босап қалған мемлекеттік грантты иеленуге мүмкіндік бар. Жыл сайын гранттардың бір бөлігі босап қалады. Ал ақылы негізде оқып, жоғары академиялық нәтиже көрсеткен студенттер кейін сол гранттарға үміткер бола алады.

Білім министрінің айтуынша, биыл бәсекелестік былтырға қарағанда жоғары болған. 127 мың өтінім түскен. Солардың арасынан 75 мыңнан астам талапкер мемлекеттік білім грантының иегері атанған. Соның бірі – Арнат. Болашақ IТ-маманы.

АЙСҰЛУ ИЗДЕЛЕУОВА, ТАЛАПКЕРДІҢ АНАСЫ:
— Сәрсенбі күні нәтижені 15 сағат күттік. Дәл 15:01-де балам қоңырау шалып: «Мама, грантқа түстім», — деді. Халықаралық ақпараттық технология университетінде оқитын болды. Қуанышымызда шек жоқ.
Расымен де, грантқа түскендердің алғашқы эмоциясы әлеуметтік желіде қазір желдей есіп жүр. Бірі көз жасына ерік берсе, енді бірі ата-анасын құшақтап, көптен күткен арманының орындалғанын айтып жатыр.
Бір грант – бір отбасының қуанышы. Ал мемлекеттік грант бұйырмаған талапкерге әлі де мүмкіндік бар. Әкімдіктер 2 400-ге жуық білім грантын ұсынды. Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің мақсатты бағдарламасы, қор қолдауы мен кейін босайтын мемлекеттік орын бәрі де – үмітті үзбеуге себеп. Ең бастысы, талап бар жерде мүмкіндік те табылады.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал