Құнанбайдың хаты, Абайдың көзін көргендердің естелігі. Абай музейінде бұрын-соңды көрсетілмеген бірегей жәдігерлер көпшілікке ұсынылды. Семейдегі мерекелік шаралар «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды.
Абай мұрасының бүгінге жетуіне оның ұрпақтары мен жақындарының еңбегі зор. Солардың бірі – Әрхам Кәкітайұлы. Ол 19 жасына дейін Абайдың жанында болып, ақынның тәлімін көрген. Кейін ұлы ақынның шығармаларын жинауға қатысып, өзі де Абай туралы құнды естеліктер қалдырды. Бүгінде Әрхам атаның қолында болған жәдігерлердің бірқатары музей қорында сақтаулы.
РЫМБЕК БАЙЗАҚОВ, ӘРХАМ КӘКІТАЙҰЛЫНЫҢ ЖИЕНІ:
— Әрхам атам – Абайдың қасында болып, Абайдың немересі ретінде өскен кісі. 19 жасына дейін, Абай атамыз қайтыс болғанша, қасында болған. Абайды көзімен көріп, қасында болып, тәрбиесін алған. Абай атамыз қайтыс болғаннан кейін Кәкітай атамыз оның өлеңдерін жинайды. Әрхам атам бірге жинасқан екен.
Көрменің өзегі – Абай дәуірінен жеткен түпнұсқа құжаттар. Құнанбайдың Халиоллаға, Абайдың Мағауияға және Сенатқа жазған хаттары, Қарамола жарғысы көпшілікке ұсынылды. Сондай-ақ ақынның көзін көрген замандастары мен ұрпақтарының естеліктері алғаш рет бір көрмеге топтастырылған.
БҰЛБҰЛ УАХМЕТОВА, ЭКСПОЗИЦИЯ, КӨРМЕ ҰЙЫМДАСТЫРУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
— Абайдың көзі көрген, Абай туралы естелік жазған оның талантты досы әрі шәкірті Көкбай Жанатайұлының, Абайдың ұлы Тұрағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» естелігі және Әрхам Кәкітайұлының «Абайдың өмір жолы», Ахат Шәкәрімұлының, Ниязбек Алдажаровтың музей қорындағы құнды қолжазбалары мен естеліктері көрме залында алғаш рет ұсынылып отыр.
Абайға қатысты әр жәдігер – ақын өмірінің бір үзігі. Көрмеге оның кісе белбеуі, шапанының көшірмесі және тоғызқұмалақ тақтасы қойылды. Сондай-ақ Абай шығармаларының 10 томдығы да келушілер назарына ұсынылды. Ұлы ақынның өмірі мен дәуірін құжаттар арқылы танытатын көрме Абай музейінде көпшілікке ашық.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.