Қазақстан су спортынан Азияның үздік үштігіне енді

Қазақстан су спорты түрлерінен Азияның үздік үш құрамасының қатарына енді. Бангкокте жас ерекшеліктері бойынша өткен Азия чемпионатының 12-ші додасында ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте үшінші орын алды. Қазақстандық спортшылар Жапония мен Қытай құрамаларына ғана жол берді. Ұлттық құраманың қоржынында барлығы – 49 медаль. Әсіресе көркем жүзуден өнер көрсеткен спортшылар жоғары нәтижеге қол жеткізді.
14 алтын, 7 күміс және 4 қола медаль. Осындай нәтиже Қазақстан құрамасына көркем жүзуден Азия чемпионатының үздік командасы атануға мүмкіндік берді. Спортшылар жекелей, жұптық және топтық бағдарламада жеңіске жетіп, Қазақстанның құрлықтағы көшбасшы елдің бірі екенін дәлелдеді. Ел қоржынына бірден екі алтын медаль әкелген спортшының бірі – Виктор Друзин.

ВИКТОР ДРУЗИН, КӨРКЕМ ЖҮЗУДЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА МҮШЕСІ:
— Азияда өз бағдарламамызбен көшбасшылықты сақтап қалғанымыз қуантты. Ең қиыны, алғашқы техникалық солодағы өнер көрсету болды. Дайындық жеткіліксіз болғандықтан емес, алғашқы күні суға әлі толық үйренісіп үлгермедік. Оның үстіне аздап қобалжу да болды.
Спортта қобалжу болуға тиіс емес. Дегенмен жеңіс, ең алдымен, дайындық деңгейіне байланысты. Құрама өкілдерінің айтуынша, жарыс бағдарламасын дайындаудың өзі жеткіліксіз. Сондықтан спортшылар әр элементті бірнеше ай бойы шыңдап, қимыл үйлесімділігі мен көркемдік шеберліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Осының бәрі мінсіз өнер көрсетуге мүмкіндік береді.

МАҚПАЛ ҚАЛМҰРЗА, КӨРКЕМ ЖҮЗУДЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА МҮШЕСІ:
— Иә, қиын. Бірақ біз күн сайын жаттығамыз. Төзімділікті арттыруға арналған жаттығулар жасаймыз. Жарыста өнер көрсету бізге жеңіл болуы үшін. Бір бағдарламаны дайындауға шамамен 1-2 ай уақыт кетеді. Алдымен қойылымды дайындаймыз. Одан кейін пысықтаймыз. Бағдарлама мінсіз деңгейге жеткенше күн сайын таңнан кешке дейін жаттығамыз.

Мамандардың айтуынша, спортшылардың күнделікті еңбегі бүгінгі жетістіктің басты негізіне айналды. Бұған қоса, Алматыда ұлттық құраманың дайындығына қолайлы жағдай жасалған. Заманауи орталық, арнайы жаттығу залы, медициналық қызмет, суда толыққанды жаттығу өткізу мүмкіндігі, сондай-ақ шақырылған хореограф пен маманның жұмысы – спортшы шеберлігін шыңдауға мүмкіндік беріп отыр.

ОЛЬГА ПИЛИПЧУК, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ- ХОРЕОГРАФ:
— Соңғы жылдары Қазақстан синхронды жүзуде барлық санат бойынша ілгерілеп келеді. Бұл, бәлкім, команданың ойластырылған стратегиясының нәтижесі шығар. Басқа жаттықтырушы мен қойылым маманын шақыру, кәсіби әрі осы бағытқа маманданған акробатты тарту – өте маңызды. Сондай-ақ, спортшы санының көп болуы үздікті дұрыс іріктеуге мүмкіндік береді.

Енді бұл спортшылардың дені жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Ал Бангкоктегі жеңіс Қазақстанның көркем жүзу мектебі бүгінде Азияның ең мықты құрамамен сенімді бәсекеге түсе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал