«Шерхан Аймахан өз ісіне жауап бере алады». Бұл – сарапшы-психиатрдың қорытындысы. Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот жалғасып жатыр. Сотталушының психикалық жағдайы мен іс-әрекеттеріне қатысты сараптама қорытындылары тыңдалды.
Кезекті сот отырысында сотталушыға сараптама жүргізген психиатр мен психолог сот алдында жауап берді. Сарапшы психиатрдың айтуынша, Шерхан Аймахан қылмыс жасаған кезде өз әрекетінің мәнін түсініп, оны басқара алған. Сөзінше, сотталушыда созылмалы психикалық бұзылыс анықталмаған және сараптама кезінде ол қоғамға қауіп төндірмеген. Алайда сотталушы сараптама мамандарының қорытындысымен келіспеді.
Сот тергеуі аяқталып, жарыссөз өтті. Прокурор сотталушыға тағылған айып куәлердің жауабымен толық негізделгенін, барлық іс құжат өз дәлелін тапқанын мәлімдеді.
МАДИЯР ӘБІЛҚАСЫМ, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:
— Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен өмір бойына бас бостандығынан айыруды, 125-1 бабы 1-бөлігімен 2 жылға, 115-1 бабымен 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартуды, ҚК 58-бабының 4-бөлігін қолданып, түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын!
Жәбірленуші тараптың өкілдері соталушыға ең қатаң жаза беруді сұрады.
АЯНХАН ОМАРОВ, АДВОКАТ:
— Некеге тұруға мәжбүрлеп, заңсыз алып қашуды, ұзаққа созылған сталкингті, кейіннен аса қатігездікпен жасалған адам өлтіруді, сондай-ақ келтірілген орны толмас зардаптарды ескере отырып, сотталушы Аймахан Шерханды ҚР ҚК 125-1 бабының 1-бөлігі, 115-1 бабы және 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оған ҚР Заңында көзделген ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраймын!
Сонымен қатар жәбірленуші тараптың адвокаты материалдық залал көлемі тағы 1 млн теңгеге артқанын айтты. Яғни сотталушыдан талап етілетін сома – 15 млн 739 065 теңге.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.