«Отбасы банктің» екі қызметкері клиенттерге заңсыз көмектесті деген күдікке ілініп, жұмыстан қуылды. Бірі – өңірлік филиалдың маманы, екіншісі – банктің орталық аппаратындағы бизнес-сарапшы. Олар тұрғын үй кезегін жылжытып береміз деп жұрттан ақша алған. «Отбасы банк» директоры бүгін сол екі қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
«Отбасы банк» өз былығын өзі ашты. Банк директорының айтуынша, былтыр көктемде кезекте тұрған бір адам аяқ астынан «мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасы» санатына өтіп кеткен. Банктің ішкі тексерісі кезінде мұның заңсыз екені анықталды. Сөйтсе, «Отбасы банктің» екі маманы клиентті жеңілдігі бар санатқа ақшаға өткізіп берген. Бірі – өңірлік филиалда, екіншісі банктің орталық аппаратында жұмыс істеген. Екеуі де жұмыстан шығарылды. Ал іс полицияда.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Алаяқтық жасаған қызметкерлер жұмыстан шығарылып, бүкіл ақпаратты мемлекеттік органдарға жібердік. Ешқандай шығын болған жоқ. Кезекте тұрған азамат бір категориядан екінші категорияға ауысқан. Біз пәтерді ол кісіге берген жоқпыз. Құқықбұзушылықты дер кезінде анықтадық.
Банктегілер мұндай «қулыққа» цифрлық жүйемен тосқауыл қоймақ. «Қай қызметкер қашан кірді, қандай өзгеріс жасады – енді бәрін көріп отырамыз», — дейді Ләззат Ибрагимова. Ал баспана іздеген әйелге банк жаңа мүмкіндік ұсынып отыр. Қыркүйекке қарай «Ұмай» ипотекасы ашылады. Азия даму банкі оған 45 млрд теңге бөлгелі отыр.
ЛӘЗЗАТ ИБРАГИМОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
— Біз қазір Азия даму банкімен құжаттарға қол қойдық. 14 пайыздан басталады. Қазір қандай пайыз болады, есебін шығарып жатырмыз.
Ипотека алатын үйдің тұрғызылған уақыты да ұзарды. Бұрын 50 жылдық шектеу болса, енді 60 жылға дейінгі баспананы кепілге қоюға болады. «Бұл әсіресе Алматы үшін маңызды», — дейді банк басшысы. Себебі қалада өткен ғасырдың 70-жылдарында салынған пәтер жетеді. Бұрын олардың көбі ипотекаға өтпейтін. Енді өтеді. Отбасы банк директоры: «Салымшылардың өтінішін ескеріп, осындай шешім қабылдадық», — дейді. Шек жыл сайын бір жылға жылжып отырады. Мәселен, келесі жылы 1977 жылы салынған үйлер де ипотекаға жарайды. Бірақ ипотеканың қалтаға қатысты ең басты шарты өзгерген жоқ. Максималды сома сол күйінде қалады.
Отбасы банк әлеуметтік жағдайы бойынша пәтер кезегінде тұрғандардың тізімін түгендеп болған. 20 мың адам кезектен шығарылды. 645 мың тұрғын тізімге енгізілді. Банк басшысының айтуынша, бір жарым жылдың ішінде кезекте тұрған 40 мың тұрғын қоныс тойын тойлады. Жыл соңына дейін тағы 8 мыңнан астамы баспаналы болады. Ләззат Ибрагимова алдағы 5-8 жылда кезекте тұрған жандарды үймен толық қамтимыз деп отыр.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.