Жәрдемақы тағайындауды жасанды интеллект анықтай бастады

Жәрдемақы тағайындау үшін енді құжат арқалап, әкімдік жағалап жүрудің қажеті жоқ. Елде бірыңғай цифрлық платформа жұмыс істей бастады. Жүйе адамның әлеуметтік жағдайы туралы мәліметті мемлекеттік базалардан өзі жинап, кімге қандай көмек тиесілі екенін алдын ала анықтайды. Ал тамыздан бастап бұл жұмысқа жасанды интеллект қосылды. Әзірге ол мерекелік және атаулы күндерге берілетін біржолғы төлемдерді алушылардың тізімін қалыптастырады. Соңғы шешімді бәрібір адам, яғни жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
— Қыркүйек айында eGovMobile арқылы өтініштер беруді қамтамасыз ету жоспарланып жатыр. Қазан айында мемлекеттік қолдау шараларын атаулылығы мен мұқтаждық деңгейін ескере отырып, нысаналы түрде тағайындау үшін жасанды интеллектіні енгізу жоспарланып отыр.
Цифрлық жаңалық мұнымен бітпейді. Ұлттық мессенджер Aitu-да отбасыға қажет функциялар көбеймек. Ортақ чатта фото сақтап, отбасылық күнтізбе жүргізіп, түрлі шараны ұйымдастыруға болады. Тіпті «Сүйінші», «Көрімдік», «Асар», «Садақа» сияқты дәстүрлі ақша аударымын автоматты жасау мүмкіндігі қарастырылған. Ал цифрлық шежіре арқылы әркім ата-тегін және отбасы тарихын сақтай алады. Мессенджерде қазақ және орыс тілі арасында автоматты аударма да болады. Бұл Қазақстанда тұратын жүзден астам этнос өкілінің бір-бірімен еркін сөйлесуіне мүмкіндік бермек.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал