Елімізде климаттың жылынуы жоғары қарқынмен жүріп жатыр

Аптап ыстық алқымнан алды. Көшеде емін-еркін жүрудің өзі қиын. Күннің көзі қыздырған сайын басы айналып, қан қысымы көтеріліп, күн өтіп, әлсірегендер көбейді. Әдетте салқын самалы есіп тұратын ерке Есілдің жағасында да қапырық. Ыстықтың беті қашан қайтады?
Ми қайнатар ыстық жұртты әбден есеңгіретіп жіберді. Қақаған қысымен қыспаққа алатын Астананың өзінде бүгін сынап бағанасы +37 градусты көрсетіп тұр. Кей өңірде ол +44 градусқа дейін көтерілді. «Қазгидромет» дауылды ескерту жариялады.

АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Тамыздың екінші және үшінші онкүндіктерінде республиканың солтүстік жартысында ауа температурасы түнде 3-8 градустан 10-18 градусқа дейін, күндіз 17-25 градустан 25-35 градусқа дейін ауытқиды деп күтіледі. Батыста және елдің оңтүстік жартысында түнде 17-27 градустан 13-18 градусқа дейін, күндіз 32-42 градустан 25-35 градус аралығында ауытқиды.

Күннің қызуы жерді күйдіріп, төбеден түскен сәуле өңменнен өтердей. Көшеде жүрген адам қарасы сиреген. Ыстық ауа райы орталықта, шығыста және елдің оңтүстігінде әлі 5 күнде сақталады. Мамандардың айтуынша, мұндай құбылыс жаһандық жылынумен тікелей байланысты.

НАТАЛЬЯ БАЧИНСКАЯ, ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖӘНЕ КЛИМАТ ЖӨНІНДЕГІ МАМАН:
— Былтыр «Қазгидромет» Қазақстандағы климаттың жай-күйі туралы баяндама жариялады. Сол мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда жылдық орташа климаттық норма 2 градусқа асып кеткен. Бұл межеге әлем ғасыр соңында бір-ақ жетуіміз керек еді. Бірақ 2025 жылдың өзінде осындай жағдай тіркеліп отыр. Жалпы, біздің елде климаттың жылынуы әлдеқайда жоғары қарқынмен жүріп жатыр.

Яғни алдағы уақытта бұрынғыдай жайлы әрі салқын жаз оралады дегенге негіз жоқ. Керісінше, қазіргі үрдіс сақталады. Демек, бізді алдағы жылдары да ыстық, тіпті аптап жаз күтіп тұр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал