Мектепке киім алуға шыққан отбасы жол апатынан қаза тапты

Шымкент – Бадам тас жолындағы орны толмас қайғы. Арыс қаласынан Шымкентке мектепке қажет киім алу үшін жолға шыққан бір әулеттің үш мүшесі – 44 жастағы әйел, жаңа ғана оқуға түскен қызы және бауырының 11 жастағы ұлы – қаза тапты. Марқұм жасөспірімнің анасы да алғашында дәл сол көлікте отырған. Бірақ жолда қызы жылап, күйеуінің көлігіне ауысып кеткен екен. Көпбалалы отбасыға Астанада тұратын әпкесі мен оның қызы да өз көлігімен еріп барған. Қайғылы оқиға жақындарының көз алдында болған.

ЕРҒАЛИ ӘЗІЛБАЙ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:
— Бұрылып, оқиға болған жерге бардым. Барсам, барлығы өмірден өтіп кеткен, біреуі де қимылдамайды. Хованың иелері келді: «Видеорегистратор бар, содан көруге болады», — деп жатты.
Туыстары үш бірдей перзентін жер қойнына тапсырды. Әзірге жол апатына қай көліктің жүргізушісі кінәлі екені белгісіз. Ал бұл жағдайға байланысты Шымкент қаласының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал