Петропавлда ипотекаға баспана рәсімдегендер пәтерлеріне кіре алмай жүр

Петропавлда ипотекаға баспана сатып алғандар наурыз айынан бері өз пәтерлеріне кіре алмай жүр. Өйткені бес қабатты үйге әлі күнге кәріз жүйесі мен су тартылмаған. Мұнымен қоса айналасы да абаттандырылмапты.
Басыбайлы баспанасына кіре алмай жүрген бұл жандар әбден абдырап қалғанын айтады. Себебі олардың дені әлі күнге дейін пәтер жалдауға мәжбүр. «Әрі қоныстанбаған үй үшін банк алдындағы берекшекті де өтеп шығындалдық», — дейді. Тұрғындардың дені «Наурыз әскери» бағдарламасымен ипотека рәсімдеген.

МӘДИНА САҒЫНДЫҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— 30 миллион теңгеге екі бөлмелі пәтер алдық. Ал кейбіреулері 40-45 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеді. Бұл – біз үшін қомақты ақша. Бірақ бүгінге дейін бірде-бір отбасы өз пәтеріне кірген жоқ. Сатып алу шартын жасадық, алдын ала төлемді бердік. Яғни тұрғындар тарапынан барлық талап орындалды. Ал құрылыс компаниясы асығар емес.

Тұрғындар көшіп келейін десе, инжинерлік-инфрақұрылым тартылмаған. Әлі күнге кәріз жүйесі мен су жоқ. Подъезд ішінде ақтау, бояу жұмыстары да толық жүргізілмеген. Айналасы абаттандырылмаған.

ОЛЕСЯ МИНИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Біз саяжайда тұрып жатырмыз. Қазір түн салқын. Бір айдан кейін жылыту маусымы басталады. Жақын арада пәтерімізге қоныстанбасақ, жағдайымыз тіптен қиындауы мүмкін. Маусым, шілде, тамыз айына ипотека бойынша төлем жасадық. Бірақ соған қарамастан, осы уақытқа дейін үйімізге кіре алмай жүрміз.

Айта кету қажет, тұрғын үйді жеке компания салып жатыр. Құрылыстың нақты қашан аяқталатынын дөп басып өздері айта алмай отыр.

ИЛЬЯ ШИМАНСКИЙ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
— Біз кәріз жүйесін, жылу құбырын және электр кабельдерін ашық әдіспен тарттық. Сондықтан технология бойынша аулаға бірден асфальт төсеуге болмайды. Абаттандыру жұмыстарын да әзірге жүргізе алмаймыз. Ал шаруаның нақты қашан аяқталатынын айту қиын.

Бұқара құрылыс компаниясы өкілдерінің құрғақ уәдесіне сенуден қалған. Сондықтан енді олар мердігерді сотқа береміз деп отыр.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал