Қ. Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградамен марапаттады

Жоғары марапат кімге бұйырды? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін ең жоғары мемлекеттік наградамен марапаттады. Алтын мен гауһартаспен көмкерілген «Барыс» орденінің бірінші дәрежесін қазақстандық жазушыға тақты. Мемлекет басшысы Ақорда төрінде өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, ел ықыласына бөленген жандар жайлы жеке-жеке тоқталып, ерен еңбегін елеп айтты.
Президент құрмет көрсеткен азаматтардың арасында рухани дүниемізге үлкен серпіліс әкелген «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық зерделі зерттеу мен берер тағылымы мол «Дулыға» тарихи танымдық кітабының авторы Тұрсын Жұртбай ақсақал да бар. Еңбегі алаш жұртына етене таныс, Ұлы Абай туралы зерттеуі бір төбе, басқа да зерттеушілік, ғылыми құнды дүниесі бүгінгі ұрпаққа жеткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Тұрсын Жұртбайды Мемлекет басшысы І дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ, І ДӘРЕЖЕЛІ «БАРЫС» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ:
— Адамның өміріндегі ең үлкен жұбаныш – өткен өміріңнің, сіңірген еңбегіңнің белгісіндей саналатын еңбекке деген құрмет. 75-ке келген шақта еңбектің еленіп, атыңның қатарға қосылып, көппен бірге аталуы – мен үшін үлкен мәртебе. Сондықтан мұны ел сыйы деп есептеймін. Ал елдің құрметінен үлкен құрмет жоқ.

Құрметті марапатқа ие болғандар арасында көрнекті суретші Бәтима Зәуірбековаға «Отан» ордені, мемлекет қайраткері Александр Судьинге II дәрежелі «Барыс» ордені табысталды. Белгілі актер, көрнекті театр режиссері Нұрқанат Жақыпбайға «Қазақстанның халық әртісі» атағы берілді. Ал саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған еңбек ардагері Виктор Хильниченко «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды.

ВИКТОР ХИЛЬНИЧЕНКО, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:
— Ең бастысы, біздің аспанымыз ашық. Алаңсыз жұмыс істей аламыз. Адамның жаны кең болғаны қандай жақсы. Президентіміз осындай қарапайым адамды көріп, көңіл бөлуі көп нәрсені білдіреді. Қазіргі қиын уақытқа қарамастан, осындай іс-шара ұйымдастырып, ұжымды, адамды қуантып жүр.

АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бұл марапат – талай жылғы еткен еңбектің қайтарымы. Кеуделеріне жарқыраған жұлдыз тағып толқып тұрған азаматтар осылай дейді. Олар әсіресе мұндай құрметті Президенттің қолынан алғандарына дән риза.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал