Саяси партия өкілдері өңірлердегі халықтың мәселесін тыңдады

Сайлау науқаны аясында партия өкілдері өңірлерде халықпен кездесулерін жалғастырып жатыр. Талқыға түскен басты мәселелер – ауыл мен өңірді дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, медицинадағы кадр тапшылығы және еңбек ұжымдарының ұсыныстары.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелері Өскеменге барды. Кандидаттар Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде зиялы қауым, білім, медицина, бизнес, ғылым және мәдениет өкілдерімен кездесті. Жиында әйел көшбасшылығын дамыту, шағын бизнесті қолдау, ірі компаниямен ынтымақтастық және шекара маңындағы аумақты дамыту сөз болды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының сайлауалды штабы өңір-өңірдегі халықпен кездесіп жатыр. Алматы облысында ардагерлер мен зейнеткерлермен жүздесіп, әлеуметтік қолдау мәселесі мен тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қарастырды.

«Байтақ» партиясының өкілдері елордада экологиялық сенбілік өткізді. Аумақты қоқыстан тазалап, іргелес учаскені ретке келтірді. Партия өкілдері атап өткендей, экологиялық күн тәртібі – тек заң мен саяси бастамадан тұрмайды. Шын мәнінде, таза әрі қолайлы орта нақты істен басталады.

Қазақстан Халық партиясының өкілдері Шымкент қаласында медицина қызметкерлерімен кездесті. Қалалық №2 ауруханаға жиналған мамандар кадр тапшы деді. Жастардың кәсіби тұрғыда өсуіне жағдай жасау жолы сөз болды. Медицина қызметкерінің мәртебесін көтеру маңызды деп санайды.

Ауылда үй салу. Диқанға субсидия беру. Шаруашылық техникаларын жаңарту. Жұмыс орнын ашу. «Ауыл» партиясының кандидаттары Түркістан облысының тұрғындарымен кездесіп, осы мәселелелерді талқылады. Басқосуда саяси ұйым өкілдері сайлауалды бағдарламасын таныстырып, негізгі бағыттарына тоқталды.

«Ақ жол» демократиялық партия жетекшісі Дания Еспаева бастаған республикалық штаб мүшелері мен кандидаттар 1300 қызметкері бар Екібастұздағы су арнасы және электр желі кәсіпорнында болды. Сайлауалды тұғырнамасы таныстырылды. Шағын және орта бизнесті дамыту, жылу желісі мен инфрақұрылымды жақсарту талқыланды.

RESPUBLICA партиясының өкілдері Ақтөбедегі жұмысшыларымен жүздесті. Ет өнімі мен қой жүнін өңдейтін кәсіпорынды аралап, минералды тыңайтқыш шығаратын зауытта болып қайтты. Негізінен, жалақы мен зейнетақы, медициналық сақтандыру, салық кодексі, тауар экспорттаушы компанияны қолдау туралы айтылды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал