Павлодар облысы Атамекен ауылының тумасы Ислам Мұнайтпасов бірнеше жылдан бері комикстер жасап жүр. «Аутизм» диагнозына қарамастан, ол кейіпкерлерді өзі ойлап тауып, оларға арнап оқиғалар жазады. Жуырда алғашқы жинағын шығарды. Бірақ 18 жастан кейін даму ерекшелігі бар адамдар үшін қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін білім беру және шығармашылық орталықтар іс жүзінде жоқтың қасы.
Ислам тоғыз сыныпты үйден оқыған. 20 жастағы жігіт бүгінде авторлық комикс жасаумен айналысады. Шығармашылық жолы әу-баста дәптерге сурет салудан басталған. Кейін цифрлық графиканы меңгерген. Қазір оқиға желісі мен кейіпкерлерді өзі ойлап табады. Шерлок Холмстан шабыт алады. Хикаяның көбінде басты кейіпкер – ит.
МАДИНА ЖАҚЫПБЕКОВА, ИСЛАМ МҰНАЙТПАСОВТЫҢ АНАСЫ:
— Аутизмі бар бала адамды жануармен байланыстырады. Мәселен, мені король кобраға ұқсатады, әкесі – қасқыр, бір қарындасы – балық, екіншісі – қоян, үшіншісі – кесіртке. Ал өзі – ит. Телефонмен сурет салып жүргеніне 3-4 жыл болды. Бастапқыда аса мән бермедім. Кейін суреттің әдемі шығып жүргенін байқадым.
Исламның қызығушылығы сурет салумен ғана шектелмейді. I топтағы мүгедектігіне қарамастан, ол робототехникамен айналысады, аспаздыққа, сазбалшықтан мүсін жасауға қызығады. Ән салады. Анасы кейбір шығармашылық үйірме жас суретшіні тек цифрлық форматта жұмыс істейтіні үшін қабылдамағанын айтты.
МАДИНА ЖАҚЫПБЕКОВА, ИСЛАМ МҰНАЙТПАСОВТЫҢ АНАСЫ:
— Мұндай балалардың да қабілеті бар екенін көрсеткім келеді. Жұрт оларды көбіне қабылдамай жатады. Екінші орынға ысырып қояды. Жалпы, мемлекет те мұндай балалар үшін бір нәрсе жасауы керек деп ойлаймын. Оларды ортаға қосу керек.
18 жастан асқан мүгедектігі бар адамға арналған орталықтың жоқтығы өзекті. «Алтын бата» қоғамдық қорының жетекшісі Евгения Стельвага осылай дейді. 25 жастағы ұлын қарайды. Ересектеу ерекше баланың бос уақытын ұйымдастырып, дамуына жағдай жасау ата-анаға салмақ екенін жақсы біледі.
ЕВГЕНИЯ СТЕЛЬВАГА, «АЛТЫН БАТА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы сөздерінің бірінде айтқан еді. Әр өңірде, әр ауданда жаяу жетуге болатын орталықтар болуы керек деді. Зәулім ғимарат салудың қажеті жоқ. Қарапайым үйге ұқсаса жеткілікті.
Ата-ана Исламның да қоғамға қажет адал азамат болғанын қалайды. Комикс жинағын шығару оңай болмаған. Жобаны достары, таныстары қолдап көмектескен. Қазір комикс авторы жаңа хикая ойлап тауып, идеясын жалғастыруды армандайды.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.