Су да, құбыр да жоқ. Петропавлдан небәрі 40 шақырым жерде орналасқан Плоское ауылының тұрғындары трактор әкелетін суды күтіп жүр. Кезекке тұрып, бөшкелеп тасиды. Ауызсу мәселесі қашан шешіледі?
Плоское – облыс орталығынан 35 шақырымдай жерде орналасқан ауыл. Қала іргесі болса да, тұрғындары таңдайға татырлық таза тіршілік нәрінен тарығып отыр.
Елді мекенге ауыз су аптасына екі мәрте тасымалданады. Халық оның бір флягасын 80 теңге сатып алады. Ал жуынып-шайынуға көлдің суын падаланады.
НИНА МИХАЙЛОВА, ПЛОСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қыста мұз ойып, қар ерітеміз. Онымен өзіміз жуынамыз, үй шаруасына пайдаланамыз. Бұл мәселе бойынша прокуратураға арыздандық. Құзырлы орган өкілдері өтінішімізді аудандық әкімдікке жолдады. Былтыр әкім келіп, барлық жағдай жасалады деген. Әзір айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Ауылда қазір 100-ге тарта адам тұрады. Дені – зейнет жасындағылар. Мәселені шешу үшін былтыр мұнда ұңғыма қазылған. Алайда нысан сол күйі іске қосылмады.
НАДЕЖДА НИКИТИНА, ПЛОСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Ауылдың ортасынан құдық қазды. Бірақ одан пайда жоқ. Мына суды жеткізіп беріп жатқандарына алғыс. Әйтпесе отырар едік. Көлде бүлініп жатыр.
Шенеуніктердің айтуынша, мұнда құбыр тартып, орталықтандырылған су желісін жүргізу тиімсіз.
МҰРАТ ҚАПАРОВ, АСАНОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Облыстық бюджеттен 10 миллион теңге қаржы бөлінді. Екі ауылға кешенді блок модуль орнатылады. Ол суды тазартады. Қазір бұл бағытта жұмыс басталды. Бар шаруаның қыркүйек айының соңына дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Өңірде ауызсу мәселесі өзекті. Сондықтан Плоское секілді ауылдарды сапалы тіршілік нәрімен қамту үшін «Соколов» және «Преснов» топтық су торабын жаңартуға Үкімет қайтарылған активтер есебінен 2,7 миллиард теңге бөлді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.