Елордада бір үйдің тұрғындары басқару формасына бола дауласып жатыр. Бірі: «Мүлік иелері бірлестігін құрып, үйді өзіміз басқаруымыз керек», — дейді. Екіншілері: «Басқару компаниясы тиімді, өйткені қызмет көрсететін мамандар дайын», — деп отыр. Тараптар ортақ шешімге келгенше, үй қысқа дайындық паспортынсыз қалатын түрі бар. Дау қалай шешіледі?
Бұл үйді 20 жыл бойы пәтер иелері кооперативі басқарған. Биыл шілдеден бастап заң бойынша ПИК жұмысын тоқтатып, қайта тіркеліп, немесе басқарудың жаңа формасына көшуі тиіс еді. Осыдан кейін кооперативке қарасты бірнеше үй жаңа басқарушы компанияға өткен. Ал бұл үйдің тұрғындары ортақ шешімге әлі келе алмай отыр.
СВЕТЛАНА КАН, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
— 30 маусымда ПИК-тің бұрынғы басшысы барлық үйдің WhatsApp-чатына хабарлама жазып, кооператив жұмысын тоқтатқанын, қызметінен кететінін айтты. Бірінші шілдеден бастап жаңа басшы келетінін жеткізді. Біз, мүлік иелері бірлестігін жақтаушылар, үш рет жиналыс өткіздік. Басқарудың қай формасын таңдайтынымызды шешуіміз керек еді. Бірақ олар бізге кедергі келтіріп жатыр.
СЕРГЕЙ ГРАБОВЕЦКИЙ, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Біз мүлік иелері бірлестігін құрғымыз келеді. Себебі сонда ғана үйімізді өзіміз басқара аламыз. Қалаған қызмет көрсетушімен келісімшарт жасаймыз, қалаған адамды жұмысқа аламыз. Бұған дейінгі жиналыстар дұрыс өткізілген жоқ деп есептейміз. Қаржылық есеп те берілген жоқ. Қазір жинақ шотымызда қанша ақша бар екенін де білмейміз.
Бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Бірқатар тұрғын тікелей басқару формасын, яғни басқару компаниясын қолдайды. Олардың айтуынша, мұнда қызмет көрсететін мамандардың бәрі бар. Яғни бөлек компания іздеп, жаңа жүйе құрудың қажеті жоқ.
ТАТЬЯНА РОМАНОВА, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Тікелей басқару формасын таңдап отырған себебім – мұнда барлық қызмет көрсететін маман бар. Көше сыпырады, еден жуады. Сантехник пен электрик те бар. Жұмыс жолға қойылған.
ЛИДИЯ ЧЕСТНЫХ, ҮЙ ТҰРҒЫНЫ:
— Мен де тікелей басқару формасын қолдаймын. Екі рет сауалнама жүргіздік. 90 пәтердің 60-тан астамы екі рет те тікелей басқару формасын қолдап дауыс берді. 15 адам қалыс қалды. Халық осы басқару формасына сенеді деп ойлаймын. Бірнеше басқару компаниясын қарастырдық. Осы компанияның жұмысы ұнады.
Алайда тұрғындар айтып отырған басқарушы компания бұл үйге қазір қызмет көрсетпейді. Компания басшысының сөзінше, олар бұл үйге кіріспеген де. Себебі тұрғындар арасында дау көп, ал үйдің жылыту маусымына дайындығы көңіл көншітпейді.
МАРИНА ОЛЕЙНИК, БАСҚАРУШЫ МЕКЕМЕНІҢ БАСШЫСЫ:
— Біз бұл үйге 8 шілдеден бері қызмет көрсетпейміз. Әр үйдің басқару мүшелері уақытша біздің компанияны таңдаған еді, ол шешім 1 тамызға дейін ғана күшінде болды. Тұрғындардың ақшасы ПИК толық жойылғанға дейін сол кооперативтің шотына түсіп жатыр. Сондықтан қаржылық есеп менде емес. Үй жылыту маусымына дайын емес. Дайындық паспортын қазір тұрғындардың өздері істеуі керек.
Тұрғын үй басқармасы бұл даудан хабардар. Маманның айтуынша, мәселені жиналыс өткізіп, дауыс беру арқылы шешуі керек. Басқарма өкілі тұрғындарға мүлік иелері бірлестігін құруды кеңес етті.
ЕРКЕБҰЛАН МӘЛІК, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— МИБ төрағасы – сол үйде тұратын, бүкіл үйдің тұрмыс-тіршілігіне араласып, жауапкершілік жүктелген тұлға. Ол өзінің қарамағындағы еден жуушыға, электр маманына тікелей жауап береді. Екіншісі – бірлесіп басқару. Ол жерде сырттан келетін тұлға бұл үйде тұрмайды, ол үйдің тыныс-тіршілігіне араласпайды, сондықтан бұл – тікелей заңды тұлғаның мойындағы жауапкершілігі.
Ал тараптар бәрібір ортақ шешімге келе алмай, басқару формасын таңдамаса не болады? Құрылыс министрлігі мамандарынан сұрадық.
ҚЫЗҒАЛДАҚ МЕДЕТОВА, ҚІТҮКШ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— Егер де МИБ-қа да, НСУ-ға да өтпесе, ешкім дауыс бермей немесе жиналысқа бармайтын жағдайлар болса, онда тұрғын үй инспекциясына өтініш білдіреді. Өзара келіспегенін хаттамада көрсетеді. Хабарландыруларын көрсетеді. «Дауыс беруді бастап едік, аяқтай алмадық, бір шешімге келе алмадық. Бізге басқару компаниясын таңдап беріңіз», — деп арыз жазады. Тұрғын үй инспекциясы ол үйге конкурс арқылы басқару компаниясын таңдап береді.
Құрылыс министрлігі өкілінің айтуынша, жалпы, халық алдында үш таңдау бар. Мүлік иелері бірлестігіне бірігу, үйді басқару компаниясына беру немесе пәтер иелері кооперативіне кіру. Айтпақшы, пәтер иелері кооперативтері ешқайда кетпеген. Олар тек жұмысын жаңа заңның талаптарына бейімдеп, қайта тіркелуі тиіс. Қазір ел бойынша 500-ге жуық ПИК қайта тіркеліп, жұмысын жалғастырып жатыр. Ал үйді қалай басқаратынын бірауыздан шеше алмай отырған тұрғындарға тезірек шешім қабылдау керек.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.