15 млн қазақстандықтың жеке дерегі тарады: министрлік жауап берді

Кешелі бері әлеуметтік желіде 15 млн азаматтың жеке мәліметі тарады деген ақпарат шықты. Бүкіл дерек қоры бар база саудаға салынды. Сатушы ол қорда азаматтардың төлқұжаты, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайы, құпия сөз, жұмыс орны туралы мәлімет пен түрлі құжат барын айтқан. Бағасын шамамен 32 мың доллар деп жария еткен. Хакердің сөзінше, бұл ақпаратқа eGov арқылы қол жеткізген. Ақпарат кеңінен таралған соң, Цифрлық даму министрлігі мәселеге назар аударып, жедел тексерді. Кейін ведомство мемлекеттік ақпараттық жүйе бұзылмағанын мәлімдеді. Сондықтан 15 млн қазақстандықтың дерегі тарады деген мәліметтің еш шындыққа жанаспайтынын хабарлады.
ДОСЖАН МҰСАЛИЕВ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
— Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізді. eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталған жоқ. Сонымен қатар біз darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау барысында бұл әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталды. ЕGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі емесі белгілі болды. Мұны растайтын басқа да фактілер бар. Атап айтқанда, жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал