Қайтарылған активтер есебінен Ордабасы ауданында жаңа өнер мектебі ашылды

Бір кездері мемлекет қазынасынан заңсыз шығарылған қаржы бүгінде ел игілігіне жұмсалып жатыр. Соның бір нәтижесі – Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы жаңа өнер мектебі. Заманауи ғимаратта қазір жүздеген бала шығармашылығын шыңдап, түрлі байқауда бақ сынап жүр.
Фортепианоның үні, домбыраның күмбірі балалардың әуезді дауысы, бұл – Темірландағы жаңа өнер мектебінен естілетін күнделікті әуен. Мұнда қазір 316 бала өнердің 12 бағыты бойынша білім алып жатыр. Мұнда домбыра, қобыз, баян, фортепиано, ұрмалы-үрмелі аспап, бейнелеу өнері мен хореография бағыттары қамтылған. Ал биыл 41 шәкірт мектепті аяқтап, куәлік алған.

АЙГҮЛ ӘБУТӘЛІПОВА, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ ӨНЕР МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Балаларға 39 қосымша білім беру педагогі дәріс береді. Өнерлі, талантты балаларды дайындық тобынан бастап мектепке қабылдаймыз. Шәкірттеріміз қазір 316 бала, оның ішінде 35 бала биылғы оқу жылында халықаралық байқаулардың жүлдегері атанды. 38 баламыз республикалық конкурстардың жүлдегері атанса және 16 бала облыстық фестивальдердің лауреаттары атанды.

Жаңа мектептің жетістігі де аз емес. Қазір балалардың өнермен еркін айналысуына барлық жағдай жасалған. Ал бұрынғы ғимаратта техникалық мүмкіндік аз болып, оқу процесіне де кедергі келтірген.

НҰРТАС ӘЛІМҚҰЛОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:
Бұған дейін осы Темірлан ауылында 1974 жылы негізі қаланған музыка мектебі болды. Ескі ғимарат бір қабатты, ішінде АКТ залы да жоқ еді. Домбыра және басқа да аспаптардың дауысы өзге сыныптарға естіліп тұратын, дауыс сақтау режимі де болмайтын. Ал қазіргі Өнер мектебі екі қабатты, 150 орындық мәжіліс залы бар, оқушылар сол жерде өз өнерін көрсетуге мол мүмкіндік алып жатыр.

Шәкірттер тек білім алып қоймай, сахнада өнерін шыңдап, көпшілік алдында өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік алған. Жаңа нысанның құрылысына 890 миллион теңге жұмсалған.

НҰРСҰЛТАН ТӘЛІПОВ, ОБЛЫС ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ:
— Ордабасы ауданындағы жобалық құны 890 млн теңгені құрайтын 300 оқушыға арналған жаңа музыкалық өнер мектебінің құрылысы 8 айдың ішінде аяқталып, тапсырылған. Аталған жоба 2025 жылдың 3 желтоқсанында ашылды. Қысқа мерзім ішінде музыкалық мектептің жас таланттары халықаралық, респбуликалық, облыстық байқауларға қатысып, үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Осылайша, қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылған жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халық өмірі сапасын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді.

Ордабасыдағы өнер мектебі – қайтарылған активтер есебінен жүзеге асқан жобаның бірі. Түркістан облысында арнайы қордан 30 жобаға 26,4 миллиард теңге бөлінген. Оның 28-і қазірдің өзінде іске қосылған. Жобаның басым бөлігі елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтуға бағытталса, қалған екі нысан әлеуметтік салаға тиесілі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал