Елімізде сайлауалды кездесулер жалғасып жатыр. Партия өкілдері өңірлерді дамыту, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдауды күшейту, инклюзивті орта қалыптастыру, экологиялық қауіпсіздік пен агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту мәселелерін көтерді.
Жұмыс орнын көбейту, бизнеске қолайлы жағдай және бала қауіпсіздігі. «Әділет» партиясы алматылықтармен кездесуінде осы тақырыптарды талқылады. Өңірдегі өзекті мәселесінің бірі – халықты жұмыспен қамту. Сонымен қатар балаларға білім, медициналық және әлеуметтік көмектің қолжетімділігін арттыру.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Батыс Қазақстандағы филиалында аутизм және церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың ата-анасымен кездесті. Мүгедектігі бар балаларға кепілді медициналық көмек пен әлеуметтік қолдау үшін нақты ұсынысты әзірлеп, проблеманың шешімін табатынына сенім білдірді.
«Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы «Эколайф Астана» ЖШС орталық кеңсесіне барып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіру, экологияға бағытталған бизнесті ынталандыру және өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Елордада Қазақстан Халық партиясы «Әлеуметтік Қазақстан» бірінші форум-конгрессін өткізді. Әлеуметтік әділеттілік, лайықты еңбек, экономиканы және жаңа технологияны дамыту талқыланды. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, әр азаматтың құқығы және қоғамның тұрақты дамуына бағытталған ұсыныс айтылды.
Шымкентте «Ауыл» партиясының өкілдері елдегі ең ірі жылыжай кешенінің еңбек ұжымымен кездесіп, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту және отандық өндірісті күшейтуді сөз етті. Партия өкілдері жыл он екі ай өнім өндіру үшін заманауи технологияны енгізіп, шаруаларды қолдау тетігін жетілдіру қажет екенін айтты.
«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихаты Абай облысында жалғасты. Алдымен, «Семей цемент» кәсіпорнына барып, еңбек ұжымына саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік қолдауға қатысты сұрағын қойды, ұсынысын айтты.
Орал қаласында Respublica партиясының өкілдері сайлауалды кездесу өткізді. Партия басшылығы «Кублей» қалбыр зауыты, өрт сөндіру көлігі мен құрылыс материалын шығаратын кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесті. Сондай-ақ облыстық кітапханада жастармен кездесіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде пікір алмасты.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.