Shaiqas-2026: Бурабайда әскери-инженерлік чемпионат өтіп жатыр

Бурабай баурайында Shaiqas-2026 алғашқы ұлттық инженерлік чемпионаты өтіп жатыр. Сайыста 17 команда бақ сынауда. Олардың қатарында студенттер, инженерлік мектеп өкілдері, кәсіпорын мамандары және күштік құрылым қызметкерлері бар. Бағдарлама барысында жасақтаушылар мен әзірлеушілер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды әуеге көтеріп, роботтарын басқарды. Кибершабуылға қарсы әрекет етіп, тактикалық алаңда жауынгерлік тапсырма орындады.
СЫРНАЙ ЖАНАТХАН, ТІЛШІ:
— Үш күндік жарыс төрт бағыттан тұрады. Олар: «әуе және жерүсті жүйелері», «тактика» және «киберқауіпсіздік». Финалға мықты деген 3 команда ғана өтеді.

Әр команда шамамен 15 адамнан тұрады. Қазір олар толығымен инженерлік шеберлігін осы жерде көрсетіп, жасаған роботтары мен дрондарын тестілеп жатыр. Бұл жай ғана тестілеу емес. Шайқас форматындағы жарыс, сондықтан барын салуда.

АСЫЛБЕК МҰРЗАХМЕТ, «ҚҚСИДО» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫ:
— Алғаш рет өткізіп жатырмыз. Таңғалып отырғаным, жарысқа инженерлік топтар өте үлкен талпыныспен қатысып жатыр. Дрондарды өз шеберханаларда жақсартып-жетілдіріп әкелген.
Жарыста мергендікке, жылдамдыққа бағытталған түрлі тапсырма да бар. Алғашқы медициналық көмек көрсетуге де мән беріледі.

ДАРХАН АХМЕДИЕВ, ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Мақсатымыз – Қазақстандағы инженерлерді бір алаңға жинау, олардың бір-бірімен тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету және әскерге, қарулы күштерге осы жаңа технологияларды енгізу.
Жалпы жүлде қоры – 20 млн теңге. 1-орынға – 10 млн тг, 2-орынға – 5 млн тг, 3-орынға 3 млн теңге беріледі. Оның сыртында 1 млн теңгеге екі номинация қарастырылған.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал