Қазақстандық зағип пианист Абылай Мұстафин Лондонда өткен жарыста Гран-при ұтып алды

Корольдік музыка академиясы сахнасында өнер көрсетті. Қазақстандық зағип пианиношы Абылай Мұстафин Лондонда өткен Golden Time Talent халықаралық байқауында «Фортепиано» номинациясы бойынша 1-орынды жеңіп алды. Рояльды, алдында жатқан нотаны көрмесе де, музыка әлеміне құлаш сермеген Абылай 35 мемлекеттен келген жүйріктер арасынан суырылып шығып, талай композиторды таңғалдырған.
Жас пианист Абылай Мұстафин тумысынан зағип, қос жанары көрмейді. Көзі көрмесе де, көңілі саз әлемін әлдеқашан шарлап кеткен. Тіпті жасынан тыңдарманын мойындатқан Абылай осы жолы Лондон қаласында өткен беделді халықаралық байқауда үздік деп танылды. Шетелде өткен шараға пианист шақырумен барған. Рояль пернелерінде тек естіп орындайтын шығармалар көпшілікті тәнті еткен.

ОЛЕСЯ БОБКОВА, АБЫЛАЙДЫҢ ҰСТАЗЫ:
— Абылайдың Англияға дейін барып, өнер көрсетуі – ата-анасының да үлкен еңбегінің жемісі. Өйткені баласына дұрыс бағыт-бағдар берді. Ал Абылай сол сенімді нық нәтижеге қол жеткізіп келеді.

Музыкаға жан-тәнімен берілген Абылай биыл Роза Бағланова атындағы музыка мектебін үздік аяқтады. Енді Күләш Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжінде білім алу үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Ол Англиядағы жетістігі арқылы өз мүмкіндігін дәлелдей алдым деп қуанып жүр.

АБЫЛАЙ МҰСТАФИН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ:
— Мен өнер көрсеткеніме ризамын. Өйткені мен өзім үшін ғана емес, елім үшін де жетістікке жете алатынымды көрсете алдым. Маған үлкен көңіл бөлінді. Композиторлармен бірге өнер көрсеткеннен кейін суретке түстім. Маған Шопеннің шығармалары ұнайды, онда терең сезім бар. Ал біздің қазақстандық композитор Әлиби Әбдинұровтың «Үкілім-ай» және «Гүл гүл жайна» шығармаларында ұлттық бояу, қазақы колорит бар дер едім.

Осылайша, музыка әлеміне енген жас жігіттің арманы асқақ. 35 мемлекеттің кіл жүйрігі жиналған халықаралық байқауда намысын қолдан бермеген қайсар азаматтың алар асуы әлі алда.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал