Өткен демалыс күндері алып мегаполис Алматыда жарық өшіп, бірер сағат тіршілік тұралап қалған еді. Шымбұлақтағы аспалы жолға біраз адам аспақталып қалса, метро жұмысы кідіріп, жолаушылар тас қараңғыда діттеген жеріне жаяу жетті. Жауапты мамандар кілтипан күллі Орталық Азияны жарықпен қамтып отырған тұстан шықты деп мәлімдеді. Ендеше осы оқыс оқиғадан келген шығын қандай? Жағдай қайталанбас үшін не істеу керек? Сарапшылардың пікірін тыңдап көрейік.
Электрсіз қалған күнді мейрамхана басшылығы да еске алып отыр. Себебі келген қонақтар есеп айырыса алмаған. Кассалар жұмыс істемей, ал көпшілікте қолма-қол ақша болмаған. Ал банкетке арналған тағамды уақытылы әзірленбей қалған.
ГҮЛНӘР ҚАТЕБАЕВА, РЕСТОРАТОРЛАР КЛУБЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Аспаздар не істеді дейсіз ғой? Олар қазанды алып, мангалға қамырды пісірді. Түсінесіз бе, не болса да, бәрібір етті уақытында берді. Қалған шоққа сірнені пісіріп үлгерді. Елестетіп көріңізші? Олар банкетті толығымен өткізіп шықты, біз осылай тығырықтан шықтық.
АЛЕКСАНДР АҚНАЗАРОВ, ТУРОПЕРАТОРЛЫҚ КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
— Бір сәтте есімізден алжасып кете жаздадық, өйткені жарық өшкен кезде дәл концерттің алдында бізде басқа қалалардан және шетелден арнайы концерт үшін келген ондаған турист бар еді. Дәл осы уақытта біреулер лифтіде қалып қойды, біреулер жоғары көтеріле алмай қалды. Қыздарымыз сұлулық салондарында сәнденіп, шаш үлгісін жасатып жатқан жерінде қалды. Біреулер душта, енді біреулері киімін үтіктей алмай әлек болды. Бірақ шыдадық, төтеп бердік, бәрін еңсердік.
«Бұл жағдай алматылықтар үшін таныс», — дейді сарапшылар. Дәл осындай ахуал 2022 жылдың қысында болған. Мәселе әлі шешімін тапқан жоқ. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желіде жағдай қайталанбас үшін не істеу керектігі талқыланды. Біреу атом электр стансасын тездетіп салу қажет десе, енді бірі қосымша станциялар салу керек екенін алға тартты.
ӘСЕТ НАУРЫЗБАЕВ, ЭНЕРГЕТИК:
— Бұл тығырықтан шығу үшін 100 мегаваттық станцияларды көптеп салу керек. Мұндай жүйе әлдеқайда төзімді келеді. Энергожүйеден 100 мегаватт үзілсе, оның орнын жабу 600 не 1200 мегаватқа қарағанда түк емес.
Мегаполисте бірер сағатқа жарық өшкеннен кейін келген шығын мәселесі де талқыға түсіп жатыр. Жекелеген азаматтар мен бизнес өкілдері оның зардабын кімнен сұрарын білмейді.
МАРАТ ҚАЛМЕНОВ, «ҰЛТТЫҚ ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазақстанда ұжымдық талап арыз беру тәжірибесі әлі қалыптаса қойған жоқ. Ресей немесе Еуроодақ елдерінде тұтынушылар одақтары –санкциялары бар. Яғни энергетика нарығында олардың мүддесін қорғайтын ұйымдар жұмыс істейді. Ал бізде мұндай жүйе жоқ. Бізде ірі компаниялардың басын біріктіретін кәсіби қауымдастықтар бар, бірақ дәл тұтынушылардың сойылын соғатын, олардың жағында болатын ұйымдар жоқ.
Арнайы құрылған ведомствоаралық комисия апаттың нақты неден болғанын анықтап жатыр. Қырғызстан тарапы апатқа еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.