Петропавлдағы Заречный тұрғындары жаңа баспанаға көшті

Петропавлда Есіл өзені бойында орналасқан «Заречный» шағын ауданы тұрғындары көшіріле бастады. Жылда көктемде қар еріп, өзен арнасынан асқанда мұндағы үйлерді су басып қалады. Сондықтан бұл аудан болашақта түбегейлі жабылмақ. Бұл процесс қалай жүріп жатыр? Кімдерге қолдау көрсетіледі?
72 жастағы Евгения Шелуткованың қуанышы қойнына сыймай тұр. «Заречный» ауданында 30 жылдан астам уақыт тұрған кейуанаға екі бөлмелі су жаңа пәтердің кілті табысталды. Енді жақын күндері ол қоныстойын атап өтпек.

ЕВГЕНИЯ ШЕЛУТКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Жылда сары уайымға салынып, көктемді қоқынышпен күтетін едік. Күн жылына бастағанда тағы су астында қаламыз ба деп алаңдайтынбыз. Қиыншылықтардың бәрі артта қалды. Енді ел қатарлы өмір сүреміз деген ойдамын.

Бұл – тұрғындарға деп салынған екінші көпқабатты үй. Алғашқыcы 90 пәтерлі. Ол былтыр пайдалануға берілген. Кезекті 72 отбасы енді осында қоныстанбақ.

УӘЗИПА УВАИСОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— 2017 жылы су басты, өте қорқынышты жағдай болды. 2024 жылы одан да сорақы болды. Енді апат болмай, жақсы өмір сүрейік!

«Заречный» ауданында 266 отбасы бар. Олардың тек 10-нан астамы ғана қоныстанудан бас тартқан. Көшіру жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, жуырда тағы бір жаңа үйдің құрылысы басталмақ.

СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
— «Заречныйдағы» жер үйлер, барақ типтегі баспаналарды бірден бұзатын боламыз. Ал үш қабатты үйлер 1-2 жылдай тұрады. Себебі ол пәтерлерді аса мұқтаж жандарға уақытша беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы, болашақта аудан толығымен жабылады.

Айта кетейік, «Заречный» – қала шетінде, яғни Есіл өзені бойында орналасқан аудан. Мұнда әлеуметтік нысандардан бөлек, түзеу мекемесі бар. Болашақта колония да басқа жаққа көшіріледі.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал