Өзбекстанда экология, табиғат қорғау пәндері мектептердегі оқу бағдарламасына енгізілмек. Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының «Жасыл білім» жобасы арқылы балаға мектеп қабырғасынан бастап экологиялық білім беру жолға қойылмақ. Ал 2030 жылға қарай елдегі білім ошақтарының 50%-ы «жасыл мектептерге» айналады. Климаттың өзгеруі мен экология пәндерін оқытатын педагог кадрлар даярланып, ұстаздардың біліктілігін арттыру жоспарда бар. Мұның алғашқы қадамы ретінде «Жастар – болашақты құрушылар» тақырыбында халықаралық экологиялық құрылтай өтті. 1000-ға жуық экобелсенді қатысқан шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан мен Әзірбайжан сынды сегіз елдің өкілдері барды.
ЗАРРИНА АБДУЛЛАЕВА, ЭКӨ ҰК ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ:
— Халықаралық форматтағы жиын бірнеше елдің экологияны қорғау бойынша тәжірибесін біріктіруге, белсенді жастардың арасында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Қоршаған ортаны қорғау төңірегіндегі идеяларды дамытуға және қолдауға ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, Өзбекстанда соңғы жылдары экологиялық проблема күрделеніп кеткен. Сондықтан ел билігі қоршаған ортаға зиян келтірген заңды және жеке тұлғаларға айыппұлды бірнеше есе өсірді. Көліктен шығатын зиянды газдың мөлшерін бақылауға арналған «Таза ауа» акциясы қолға алынгған. Самарқандтағы жолаушы тасымалы саласы түгел электр көліктеріне ауыстырылмақ. Қазан айынан бастап Ташкент маңында ауаны ластайтын жылыжай кешендерін салуға шектеу енгізіледі.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.