Астанада аулада ойнап жүрген бала тоққа түсіп қалды | 17.08.2026

БАЛАНЫ ТОҚ СОҚТЫ
Тұрғын үй кешенінің ауласында ойнап жүрген баланы тоқ соқты. Оқыс оқиға Астана қаласында болды. Қазір тоққа түскен бала жансақтау бөлімінде жатыр. Жоғары кернеулі кабельді ашық қалдырған кім?

ДАЛА ӨРТІ ӨРШІДІ
Қарағанды облысында дала өрті өршіді. Өрттен екі адам зардап шегіп, ауруханаға түсті. Олардың денелерінің 10-20 пайызын күйік шалған. Тілсіз жауды сөндіруге 620 құтқарушы мен 134 техника жұмылдырылды.

ЖАЛҒАН ҚЫЗМЕТКЕР
Алаяқтар қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі болып танысып, Түркістан облысындағы бір медициналық ұйымның басшылығын бопсалаған. Жалған қызметкерлер анықталған заңбұзушылыққа көз жұма қарау үшін 15 млн теңге талап еткен.

ЖАҢА ҚОНЫС
Петропавлда жылда су басатын «Заречный» ауданының халқы басқа жаққа көшіріле бастады. Оларға екінші көпқабатты тұрғын үй салынып, пәтер кілттері табысталды. Тағы бір үйдің құрылысы қолға алынбақ.

АСПАНДАҒЫ ШОУ
Алматы облысында өткен «Байсерке аспаны – 2026» әуе шоуын тамашалауға 10 мыңнан астам адам жиналды. Отандық авиация мен жас авиаторлардың жетістігін насихаттайтын авиашоу енді халықаралық деңгейде өтпек.
———————————————