ШҚО-да кеншілерді құтқаратын авариялық капсула әзірленіп жатыр

Шығыс Қазақстан облысында кеншілер мен қауіпті металлургиялық өндіріс қызметкерлерін құтқаруға арналған авариялық капсула әзірленіп жатыр. Мұндай технология қазірдің өзінде Ресей мен Аустралияда қолданылады. Қазақстандық инженерлердің есебінше, отандық өндірісте жасалатын капсула 20-дан астам адамды сыйдыра алады. Болат конструкциялар мен заманауи электроникадан құрастырылған бұл құрылғы шахтада опырылу немесе өзге де апатты жағдай кезінде адамдарды үйіндіден қорғайды. Капсуланың ішінде оттегі қоры, медициналық дәрі-дәрмек және 36 сағатқа есептелген автономды тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі болады. Әзірге жоба авторлары тәжірибелік үлгілерді әзірлеп жатыр. Өндіріс орындарына кеңінен енгізуге де дайын.
БОЛАТ СЫПТАЕВ, ЖОБАНЫ ӘЗІРЛЕУШІ:
— Бір ауысымда шахтаға 600-ден астам адам түседі. Сондықтан бір ғана капсула жеткіліксіз. Егер жер астына 600 адам түссе, ал капсула небәрі 20 адамға ғана арналса, бұл мәселені толық шешпейді. Менің ойымша, авариялық құтқару капсулалары ғимараттардағы өрт сөндіргіштер сияқты шахталардың әр жерінде орналасуы тиіс.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал