Үкіметте жаңа оқу жылына дайындық мәселесі қаралды. Балабақшадан бастап жоғары оқу орындарындағы түйткілдер талқыға түсті. Сонымен дайындық барысы қалай?
Балабақшаларда орын тапшылығы азайып келеді. Ел бойынша 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың кезегі 160 мыңнан 23 мыңға жеткен. Соның арқасында бюджет қаражатының 35 млрд-тан аса теңгесі үнемделген.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Бүгінгі таңда елімізде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 1 млн-нан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде 360 мың бала мектепалды даярлықтан өтті.
Жаңа оқу жылында 4 млн-нан астам оқушы 8 мыңдай мектепте білім алады. Оның 380 мыңға жуығы – 1-сынып оқушылары. Өтініштердің 88,7%-дан астамы электрондық форматта қабылданған. Тағы бір жаңалық, биылдан бастап білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект элементтері енгізіледі. Бұл жоба әзірге 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. 2029 жылға дейін барлық 2 600 шағын жинақты мектепке кеңейтілмек.
ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Бүгінгі таңда 7 979 мектептің интернет желісі тексерілді. Оның ішінде 1 600 мектепке Старлинк арқылы интернет жеткізілу мәселесі шешімін тапқанын атап өткіміз келеді. Бұл ауылдық мектептерде. Бұдан бөлек, әдістемелік нұсқаулықтар дайындалды. Жасанды интеллект заңына сәйкес цифрлық сауаттылық пәні, сонымен бірге информатика пәндері «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», «Информатика және жасанды интеллект» болып енгізілді.
Осы ретте Үкімет басшысы Олжас Бектенов білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстарына тоқталып, бірқатар тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекте 47 жаңа мектеп, оның ішінде «Келешек мектептері» жобасы аясында 20 мектеп ашылады. Өңір әкімдіктері оқу жылының басталуына қарай олардың толық функционалдық дайындығын қамтамасыз етсін. Үш ауысымды оқыту және оқушы орындарының тапшылығы мәселелерін шешуде оң үрдіс бар. Өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет.
Үкімет отырысында студенттер жайы да сөз болды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің баяндамасына сәйкес, биыл Қазақстанда 6,8 мыңнан астам орынға арналған 18 студенттік жатақхана пайдалануға беріледі.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ
— Оқу жылының басында студенттерден түсетін өтініштердің негізгі бөлігі жатақханаға орналастыру мәселелеріне байланысты. Сондықтан Алматы қаласында Ахуалдық және Дағдарыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылды. Ахуалдық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қосылды. 8 маман жұмыс істейді. Арнайы тренингтен, оқытудан, сертификациядан өткен мамандар. Былтыр бұл орталық 3 мыңнан аса студентке көмек көрсетті.
Олжас Бектенов тиісті ведомство басшыларына оқу жылының басталуына қарай колледждер мен университеттердің инфрақұрылымын, жатақханаларды және оқыту бағдарламаларын талапқа сай дайындауды қамтамасыз ету міндетін қойды. Ол тамыздың соңына дейін аяқталуға тиіс.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.