Петропавлда қайтарылған активтер есебінен жаңа бөбекжай ашылды

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары елге қайтарылған активтердің игілігін көре бастады. Биыл Петропавлда 280 орындық бөбекжай пайдалануға берілді. Ол үшін арнаулы қордан 2 миллиард теңге бағытталды.
Бұл – Петропавл қаласына кіре берістегі жаңадан құрылған «Жас Өркен» шағын ауданы. Бұрын жеке сектор болатын. Жер үйлер жаппай сүріліп, орына көпқабатты баспаналар салынды. Ал халық болса, балаларын шаhардың басқа шетіне тасымалдап қиналатын. Мәселе биыл шешімін тапты.
ҚАДИША БЕГАЛИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Балабақшаның ашылғанына өте қуаныштымыз. Жақын жерде, бәрі көрініп тұрады, балалардың шуылы естіліп тұрады. Тәрбиешілері де жақсы, ұнайды. Бөлмелері де өте таза.

Мектепке дейінгі тәрбие беретін ұйым 280 орындық. Бүгінде мұнда 12 топ жасақталған. Балалардың күтіміне 30-ға тарта тәрбиеші қарайласады. Бөбекжай таза қазақ тілді болғандықтан, мұнда ұлттық құндылықтарға баса мән берілмек.
БАЛҒЫН МУСИНА, БАЛАБАҚША МЕҢГЕРУШІСІ:
— Біздің бірінші мақсатымыз – балаларға ана тілін тереңірек меңгерту. Сонымен қатар ата-аналарды да балабақша жұмысына тарту. Әжелер мектебі, аталармен бөлек жұмыс, әкелер мектебі бар. Міне, осондай жұмыстарды алға тартсақ деген мақсатымыз бар.

Арнаулы қордан бөлінген қаражатқа өңірде білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй шаруашылығы саласында бас-аяғы 40-қа тарта жоба жүзеге асуда. Бағытталған қаржы көлемі 70 милилард теңгеге жуықтайды. Осылайша, өңір республика бойынша елге қайтарылған активтерден түскен қаражат ең көп бағытталған аймақтардың қатарына енді.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал