Құрылтай сайлауы өтетін күні қоғамдық көліктер тегін жүреді

Құрылтай сайлауы өтетін күні, яғни 23-ші тамызда, Tarlan Astana мен елорда автобустары тегін жүреді. Экспресс және қала маңына қатынайтын қоғамдық көліктер де жолақы алмайды. Жалпы, саяси науқанға санаулы күн қалды. Соған сәйкес партиялар да үгіт-насихат жұмысын күшейтті.
Қостанайда «Әділет» партиясының өкілдері ірі кәсіпорын ұжымымен кездесіп, әлеуметтік мәселелерді талқылады. Республикалық сайлауалды штаб өкілдері отандық автоөнеркәсіп пен білікті кадрларды даярлау барысына тоқталды. Кәсіби-бағдарланған оқыту, дуальді білім беру және жұмысшы мамандықтарға назар аударылды.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» өкілдері Алматы облысының ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде елдімекеннің тұрмыс-тіршілігі мен өзекті мәселелері сөз болды. Кандидаттар ауыл халқының ұсыныс-пікірін тыңдады. Мұнан соң Жетісу облысындағы Ескелді ауданы тұрғындарымен кездесті.

«Baytaq» жасылдар партиясының өкілдері Шымкент қаласындағы автобөлшектер базарының қызметкерлерімен кездесті. Жүздесу ашық диалог форматында өтті. Орталық қызметкерлері партия өкілдеріне алдағы сайлауға қатысты тілектерін білдірді. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс, пікірлерін ортаға салды.

«Қазақстан халық партиясының» өкілдері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев атындағы халықаралық қор ғимаратында болып, зиялы қауыммен кездесті. Партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов қазіргі интеллегенция елдегі саяси өзгерістерді сырттан қадағалап, баға беруші ғана емес, Қазақстанның болашағын қалыптастырушы екенін баса айтты.

Оралда «Ауыл» партиясының белсенді мүшелері «Таза Ауыл» экологиялық акциясын өткізді. Жастар қала іргесіндегі көрікті аумақты күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандырды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында ұйымдастырылған іс-шараға 200-ге жуық адам атсалысты.

«Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары Атырау қаласында жалғасып жатыр. Құрылтай депутаттығына кандидаттар өңірдегі вагон құрастыратын зауыттың еңбек ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Одан кейін банк қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен де жүздесті.

Respublica партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Көкшетауда еңбек ұжымдарымен кездесті. Ашық форматтағы жүздесуде жұмысшылар тегін медициналық көмек, халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін көтерді. Отандық тауар өндірушілерді қолдау, өнімді экспорттау ұсыныстары қаралды.
———————————————

#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал