Мектеп өмірінің қызығы, жасөспірімдердің арманы мен бастан кешкен сынақтары. Мұның барлығы енді жаңа сериалдың сюжетіне арқау болмақ. Түркістанда «10 Ғ» деп аталатын жаңа туындының түсірілімі басталды. Сегіз бөлімнен тұратын сериал «Келешек мектептері» бағдарламасы аясында түсіріліп жатыр.
Камера. Мотор. Кадрда мектеп өмірі. Түркістанда оқушылардың күнделікті тіршілігін, қызығы мен шыжығын арқау еткен жаңа сериалдың түсірілімі басталды. «10 Ғ» деп аталатын туынды сегіз бөлімнен тұрады. Сериалда жасөспірімдердің достық қарым-қатынасы, мектепте кездесетін түрлі мәселелер мен бастан кешетін қызықтары көрсетіледі. Басты рөлдерді жас актерлер сомдап жатыр.
РАБИҒА ӘБІЛПАТТА, ҚОЮШЫ РЕЖИССЁР:
— Біз жасөспірім балалар жайлы түсіріп жатырмыз. Бұл мектеп оқушыларының қызық өмірін баяндайтын сериал болады. Балалармен жұмыс істеу оңай емес, оның үстіне бізде 10 басты кейіпкер бар. Әр кейіпкердің өз оқиға желісі бар. Бәріміздің көңіл күйіміз жақсы, түсірілім барысы қызық өтіп жатыр.
Нұрым Өтебай «10 Ғ» туындысындағы басты кейіпкердің бірін сомдайды. «Кейіпкердің мінезін ашып, мектеп оқушысының образын көрерменге жеткізу – өзімді тағы бір қырымнан сынап көруге мүмкіндік», — дейді.
НҰРЫМ ӨТЕБАЙ, БАСТЫ КЕЙІПКЕРДІ СОМДАУШЫ:
— Кейіпкерім өзім сияқты, үнемі көңілді, энергиясы тасып жүреді. Сол жағынан маған қатты ұнады. Әрине, қобалжу да бар.
РОЗА МҰҚАТАЕВА, РӨЛДІ СОМДАУШЫ:
— Қазір соңғы кезде оқушылар туралы көптеген кино-сериал түсіріле бастады. Менің ойымша, бұл – керемет тенденция. Себебі оқушылар арасында жиі кездесетін мәселелерді көтереді.
«10 Ғ» – жай ғана мектеп оқушыларының өмірін баяндайтын сериал емес. Бұл туынды Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» бағдарламасының аясында түсіріліп жатыр. Сериалдың әр эпизоды шамамен 25 минутқа созылады. Мұнда жаңа буын мектептеріндегі білім беру ортасы, оқушылардың шығармашылығы мен заманауи мүмкіндіктері көрерменге көркем сюжет арқылы ұсынылмақ. Ал сериалдың түсірілім орны ретінде Түркістанның таңдалуы да бекер емес.
ЖАДЫРА ҚОБЫЛАНҚЫЗЫ, ЖОБА ПРОДЮСЕРІ:
— Түркістан – өте керемет, киелі жер. «Келешек» бағдарламасы бойынша 1200, 2000 орындық мектептер салынған жер. Біз тек мектепті емес, Түркістанның көрікті жерлерін көрсетіп, сол арқылы балалар Қазақстанда қандай киелі жерлері бар екенін білсе дейміз.
Сериал күзде жаңа маусымда көрерменге жол тартады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша түсіріліп жатқан туындыны «Жетінші арнадан» көруге болады. Ендеше, «10 Ғ»-ті эфирден күтіңіздер.
———————————————
#Жаңалықтар #жаңалықтар2026 #жаңалықтаржетіншіарна #Жетіншіарна #седьмойканал #7канал
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.